Сәуірдің 16-ы күні, Алматыда «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында Велошеру маусымының ашылу салтанатына байланысты велошеру өтпек.

Қатысушылар сағат 08:30-да жиналады. Ал велошеру 09:00-де «Нұрлы-Тау» бизнес орталығы маңынан басталып, Тұңғыш Президент саябағы төңірегінде аяқталады. Жалпы сол жерден әуесқойлар батыс бағытта 9 км құрайтын жолды жүріп өтеді.Сонымен қатар, велошеру басталмас бұрын, қатысушылар арнайы нөмірлерін алып, сол арқылы мәреде әуесқойлар бағалы сыйлықтар ойнатылатын лотореяға қатысуға мүмкіндік алады. Басты сыйлық-электр тоғымен жүретін велосипед. Одан бөлек, келген қонақтар мен қатысушылар Алматы қаласының намысын құрлықаралық велододаларда қорғайтын «Apple Team» жаңа кәсіпқой велокомандасын таныстыру рәсімін тамашалап, велошабандоздармен танысады.Велошерудің салтанатты ашылу рәсіміне қала тұрғындарымен қатар, Қазақстанның әйгілі спортшылары мен әртістері қатысады. Атап айтатын болсақ, Ардақ Назаров панкратионнан үш дүркін әлем чемпионы, Жасұлан Қыдырбаев ауыр атлетикадан әлем чемпионы, Дәулет Тұрлыханов Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Ислам Байрамуков еркін күрестен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Ермахан Ибраимов бокстан Олимпиада чемпионы, Назым Қызайбай бокстан екі дүркін әлем чемпионы, Айза Имамбек мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері, Универсиада - 2017 қатысушысы, Жансая Әбдімәлік шахматшы, гроссмейстер, Руслан Абдразаков «Қазақстан Барысы-2015» күміс жүлдегері, Мақсұт Жұмаев тау туризмінен ТМД ашық чемптонатының чемпионы (2001—2003) Сондай-ақ, қазақстандық эстрада жұлдыздарыДаут Шайхисламов, Айқын Төлепберген, Әлия Әбілқайыр, «Асыл» және «Меломен» топтары.

Алматы қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының хабарлауынша, «Спорттық Алматы» қалалық бағдарламасының аясында мегаполисте 20 велошеру өтпек, соның ішінде түнгі велошеру де бар. Қауіпсіздік мақсатында, міндетті талап ретінде қатысушыларда қорғаныш шлемі болу қажет.

Естеріңізге сала кетсек, алматылық велошерулер 2009 жылы басталған, сол жылы 300-ге жуық адам қатысқан. Содан бері қатысушылар саны өсіп, соңғы жылдары танымалдылығы артып келеді. 2014 жылы Қазақстанның велосипед спорты 100 жылдығын атап өтті!Айта кетер жайт, өткен жылы «Спорттық Алматы» қалалық бағдарламасының аясында 21 велошерулерге 19 000-нан астам адам қатысқан.