Еркін күрестен Олимпиаданың үш дүркін чемпионы және екі дүркін әлем чемпионы өзбекстандық Артур Таймазов допинг дауына ілікті.

Бұл жайлы бүгін UWW (Біріккен күрес әлемі) ұйымының ресми сайтында жарияланды. Нақтырақ айтсақ, Артур Таймазовтан 2008 жылғы Пекин Олимпиадасының алтыны тартып алынды. WADA ұйымының тексерісінен кейін балуанның қанынан туринабол дәрмегі табылды. Нәтижесінде, Қытай елінде өткен басты додада екінші орын алған ресейлік Бахтияр Ахмедовке Олимпиада алтыны бұйырды. Ал күміс медаль Словакия атынан өнер көрсеткен тағы бір осетиялық балуан Давид Мусульбеске берілмек. Естеріңізге салайық, біздің жерлесіміз Марид Муталимов сол Пекин Олимпиадасында қола жүлдегер атанған еді.

Айта кетейік, Артур Таймазов 1979 жылы солтүстік Осетияда дүниеге келген. 3 дүркін Олимпиада чемпионы және бір мәрте күміс жүлдегері, 2 дүркін әлем чемпионы, 3 дүркін Азия ойындарының жеңімпазы және көптеген халықаралық жарыстарда топ жарған балуан. Артурға дейін Олимпиада ойындарын 3 рет тек ресейлік Александр Медведь пен Бувайсар Сайтиев ғана ұтқан. Бұрынғы FILA, ал қазіргі UWW ұйымының даңқ залына «күрес аңызы» ретінде енген теңдесі жоқ спортшы.