«Астана» футбол клубының 17 жасар түлегі Бақтияр Мұхаметқалиевке 2-ші деңгейлі остеогенды саркома (оң жақ асық жіліктің жоғарғы бөлігінің қатерлі ісігі - С 40.2) атты қауіпті онкологиялық дерт диагнозы қойылды, деп жазды клубтың ресми сайты. Дереккөздің хабарлауынша, Бақтиярға Германиядағы онкологиялық емханалардың бірінде жылдам ота жасау қажет. «Астана» ФК өз түлегіне барынша көмек көрсетуде, дегенмен ол қаржы жетіспеуде. Бақтиярдың ата-анасы адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын қайырымды жандардан көмек сұрауда. Бақтиярға қолдау көрсету мақсатында «Астана» футбол клубы 24-ші қаңтардан бастап Максимович, Твумаси, Каньяс, Кабананга, Мужиков, Логвиненко сынды «Астана» ойыншыларының атаулы фирмалық жейделерін сату бойынша бәссауда жүргізбек. Жейденің бастапқы бағасы - 5000 теңге. Сатылған тауарды Қазақстан бойынша жеткізіп беруді «Астана» ФК өз міндетіне алады, ал ел аумағынан тысқары жерге жеткізу мәселесі бөлек келісіледі. Жейделерді сатудан түскен барлық қаражат Бақтияр Мұхаметқалиевтің еміне беріледі.