Кеше Оңтүстік Аустралияда «Сантос Тур Даун Андер» әлемдік турының көпкүндік жарысы басталды.

ҚазАқпараттың хабарлауынша, бірінші кезең Анли және Линдок қалаларының арасымен өтіп, 118,5 шақырымды құрады.

Спортшылар үшін жарысты қиындатқан аптап ыстық ұйымдастырушыларды кезең ұзақтығын 20 шақырымға қысқартуға мәжбүр етті. Ыстыққа қарамастан, «Астана» командасының велошабандозы Лауренс Де Вриз аталмыш кезеңде өзін жақсы көрсете алды. Ол қарсыластарын үлкен қашықтыққа артта қалдырып, жарыстағы көшбасшылықты ұзақ уақыт сақтай алды.

Нәтижесінде, Де Вриз кезеңнің ең белсенді велошабандозы ретінде жүлде алды. Онымен қоса, «Даун Андер Туры» таулы классификациясы көшбасшысының жейдесін киді.

Бірінші кезеңнің жеңімпазы австралиялық Калеб Юэн болды. «Астана» командасының құрамынан үздік нәтижені 22-інші болып келген Матти Брешель көрсетті.

Бүгін австралиялық көпкүндіктің екінші кезеңі өтеді. Ол Стирлингтен Паракомбаға дейін 148,5 шақырымды қамтиды.