Семейде жол апатынан тоғызқұмалақтан Қазақстан және Орта Азия чемпионы Алмаз Жақсылықов қаза тапты.

Жол апаты қаңтардың 13-нен 14-не қараған түні Центральная көшесінің бойында болған. Toyotа Camry және Land Cruiser 100 автомобильдері бетпе-бет соғысқан. Әлеуметтік желідегілер осы жол-көлік оқиғасы кезінде Land Cruiser 100 маркалы көліктің мас күйде болған жүргізушісі кінәлі деп жазған. Ол оқиға орнынан қашып кеткен. Жеңіл көлікте отырған 1986 жылғы спортшы алған жарақатынан ауруханада қайтыс болған, ал оның жанында отырған жолаушы, 1989 жылғы қыздың аяғы сынып, ауруханаға жеткізілген.

ІІБ барлық мән-жайды айтқан жоқ, алайда жол талғамайтын көліктің жүргізушісі кінәлі екенін растап отыр. Полицейлер оны ұстаған. Оның көлік жүргізу кезінде мас болған-болмағаны белгісіз, бірақ ол ұсталып қамауға алынған. "Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына жабылған. Оған қатысты екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалған - "Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет" және "Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу", - деді Семей қалалық ІІБ өкілдері.