Гандбол: Қазақстан спортшылары Азия чемпионатында алғашқы турдан сүрінді
Бахрейннің Манама қаласында өтіп жатқан қол добынан ерлер арасындағы XXI Азия чемпионатының алғашқы турында Қазақстан құрамасы алаң иелерінен жеңіліп қалды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, алғашқы тайм 7-24 есебімен алдыңғы чемпионаттағы күміс жүлдегердің айқын басымдығымен аяқталды. Екінші кезеңде Бахрейн ойыншылары тағы 23 гол салып, ірі жеңіске қол жеткізді. Есеп: 13-47.
D тобындағы тағы бір мачта БАӘ-нің құрамасы Гонконгтан 29-24 есебімен айласын асырды. Ертең, 13 қаңтарда Қазақстан мен БАӘ арасындағы матч өтеді (Астана уақытымен 18:00-де басталады). Сосын, 15 қаңтарда топтағы соңғы турда қазақ гандболшылары Гонконгпен күш сынасады.
Айта кетейік, чемпионат нәтижесінде 2025 жылы қыста Хорватия, Дания мен Норвегияда өтетін 4 құрама әлем чемпионатына жолдама алады.
Бахрейн осыған дейін Азия чемпионатын 1993, 2014 және 2016 жылы қабылдаған. Қазіргі чемпион – Қатар қатарынан 5 Азия чемпионатында (2014, 2016, 2018, 2020 мен 2022 жылы) топ жарған.
Ұлттық құрама ойыншыларының тізімі:
Қуанбай Қуантыр, Данияр Ирисметов, Әсет Қали, Асылхан Нәбиев, Ержан Кенжебаев, Константин Миляев, Дәурен Тілекқабыл, Бекзат Анарбаев, Одилжан Газиев, Илья Побоченко, Мирас Қалдыхан, Даниил Якубович, Асқан Өксікбаев, Дилмурад Юлдашев, Артем Мельниченко, Виктор Михайлов.