Альварес Головкинмен үшінші жекпе-жек өткізуге дайын екенін мәлімдеді
WBC, WBA мен WBO тұжырымдары бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Сауль "Канело" Альварес (56-1-2, 38 KO) GGG-ге қарсы үшінші жекпе-жекке шығуға дайын екенін мәлімдеді.
Журналистр Канелодан Головкинге қарсы үшінші жекпе-жек туралы сұрағанда боксшы оны алдымен GGG-дің өзінен білуге кеңес берді.
- GGG-ден 168 фунтқа көтерілуге дайын ба, жоқ па, алдымен осыны сұраңыз. Өз басым кез келген қарсыласпен жұдырықтасуға дайынмын, - деді Альварес ESPN тілшісі қойған сұраққа.
Айта кетері, кәсіпқой бокста Альварес екінші орта салмақта (76,2 келі/168 фунт) өнер көрсетіп жүр. Ал IBF пен IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО) орта салмақта (72,5 келі/160 фунт) бокстасады.
Бұған дейін Альварес пен Головкин екі рет кездескен. Орта салмақта өткен бірінші жекпе-жекте екі боксшы тең түссе, келесі жекпе-жекте Канело төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Сол кезде төрешілікке қатысты дау-дамай да болған.