Исембай Матенов: Өзім жетпеген жетістіктерге шәкірттерім жетсе екен деймін

Исембай Матенов: Өзім жетпеген жетістіктерге шәкірттерім жетсе екен деймін

Мен бұл азаматты 2019 жылдан бері білемін. Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылдық округінің балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне жұмысқа келген кезім. Бір күні спорт мектебінің басшысы Өтеген Сабытаев екеуара әңгімемізде: «Исембай Матенов деген жаттықтырушымыз бар. Мектебімізден жасөспірімдер мен жастар арасынан әлем чемпионатының жүлдегері мен Азия чемпионын дайындап шығарды. Енді оның өзін және шәкірттерін бұдан да биіктерден көргіміз келеді», – деді.

Шынында да, отыздан жаңа асқан Исембай тісқаққан жаттықтырушылардың бірі екен. Қазір маңғыстаулықтар да спорттың осы бағыты бойынша Еуропа мен Азия спортшылары сескенетіндей бәсекелеске айналып үлгеріпті. Олардың жаттықтырушысы Исембай Матенов те әлемнің әр түкпіріндегі әріптестеріне танылыпты.

Бүгінге дейін қол күрестен спорт мектебіміздің атын шығарып жүрген азаматтың: «Өзім жетпеген жетістіктерге шәкірттерім жетсе екен», – деген талабы нағыз мотвация болыпты. Бірақ өзі әлі де жарыстарға қатысып тұрады. Ауыл балаларын да спортқа баулып, олардың бағын ашып жүрген сол білікті бапкер Исембай Матеновті әңгімеге тартқан едік.

– Исембай Жарылғасұлы, өзіңіз туралы толық айттып өтсеңіз? Спортпен неше жастан бастап айналыстыңыз? Қазір қандай жұмыс атқарасыз?

– Жалпы өзім туралы айтта кетсем, 1983 жылы 14 сәуір күні Түркменстан Республикасында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкем спортқа жақын адам болған, ауыр атлетикамен айналысқан. Мен де алтыншы кластан бастап спортпен айналыса бастадым. Содан бері осы саладамын. Алғашқы еңбек жолымды Мұнайлы ауданы №1 орта мектебінде бастаған едім. Бес жылдан асты, Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылдық округінің балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде армрестлингтен (қол күрес) жаттықтырушы болып жұмыс істеймін. Қазір Маңғыстау облысының аға жаттықтырушысымын.

– Ауылда тұрып чемпион шығару көп жаттықтырушының қолынан келе бермейді. Сіз қалай чемпион шығардыңыз?

– Мұнайлы ауданынан көптеген чемпиондар шықты. Мен де көп еңбектеніп аянбай тер төгіп балаларды қасыма жақын тартып, жаттығуларда үзбей дайындалып, күнделікті тұрақты айналыса бергеннің арқасында чемпиондар шықты деп ойлаймын. Жалпы қол күресі туралы, оның ауданда қалай дами бастағаны туралы айтайын. 2013 жылы Мұнайлы аудандағы №1 орта мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ бердім. Сол жылы біздің мектепте балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында спорттық үйірме ашу керек болды. Мен оны қол күресінен аштым. Содан бері көптеген жетістіктерге жетіп отырмыз. Аманшылық болса, әлі талай шыңдарды бағындырамыз деген үміттеміз. Тағы да чемпиондар шығаруға аянбай еңбектеніп, тер төгемін деген ойым бар. Осы салада Мұнайлы ауданы мен Маңғыстау облысын республикаға, қазақ елін әлемге таныту арманымыз. Өзімнің жетпеген жетістіктеріме шәкірттерім жетсе екен деймін. Сол үшін барымды салып еңбектеніп жүрмін.

– Маңғыстау облысында қол күрес қай деңгейде? Облыстық федерация қолдау көрсетіп тұра ма?

– Маңғыстау облысында қол күрестің деңгейі жоғары. Армрестлинг олимпиадалық спорт түріне жатпайды. Соған қарамастан қызығушылықпен айналысып жүрген Маңғыстау облысында, әсіресе, Жаңаөзен қаласын мен Қарақия ауданында жақсы спортшылар бар. Осы жақында ғана облыстық чемпионат өтті. Маңғыстау ауданы Шетпе кентінен спортшылар келіп қатысты. Кейінгі жылдары қол күрес жақсы дамып келе жатыр. Жақында федерация басшысы ауысқан болатын. Бізге федарация тарапынан да қолдау, көмек көрсетіліп тұрады. Алға ұмтылыс бар, соған қуанамын.

– Жасөспірімдер мен жастар арасынан әлем біріншілігінің жүлдегері мен Азия чемпиондарын шығардыңыз. Енді ересектерден чемпион шығару ойыңызда жоқ па?

– Әрине, ойымда бар. Соған дайындап жүрген шәкірттерім де бар. Алдағы уақытта ересектер арасынан да ел біріншілігінде, Азия чемпионаттарында, әлем чемпионаттарында жүлделі орындардан көрінеді деген үміттеміз. Сол спортшыларымыздан да, ересектер арасынан да Азия және әлем чемпиондарын шығарамын деген үміттемін.

– Спортта кімді үлгі тұтасыз? Қол күрестің өзіне тартатын қандай қасиеті бар?

– Ел намысын қорғап жүрген қаншама спортшыларымыз бар. Соларды жоғары жетістіктерге жеткізген жаттықтырушылардың еңбегі. Спорттың қай саласының болмасын, жаттықтырушыларын үлгі тұтамын. Ең алдымен Маңғыстаудан олимпиада және әлем чемпионатының жүлдегерлері мен жеңімпаздарын дайындап шығарған Марат Жакиев ағамызды құрметпен атағым келеді. Одан қалса, қол күрес спортын ерекше дамытып, әлем мен Азия біріншіліктерінде Қазақстанды жоғары рейтингке кіргізген Арман Романұлы Қарсыбаевты үлгі тұтам. Айтта берсек көп, елімізде үлгі тұтатындай спортшыларымыз бен жаттықтырушыларымыз жеткілікті. Аянбай еңбек етсең бәрі де болады.

– Қай шәкірттеріңізден үміт күтесіз?

– Үміт күттіретін шәкірттерім көп. Атап өтейін, Ыбырай Шолпанов, Нұрзат Амангелді, Сара Сисенбай, Айжан Маймақова, Нұрсат Еділбай, тағы басқа үміт күтетін шәкірттерім көп.

– Үйірмеге қатысу ақылы ма, тегін бе?

– Әрине, қатысу тегін. Балаңызды спорт мектебіне әкеліп, әдіскерлерге жолығасыздар. Олар балаңызды көріп, сіздерге медициналық тексеруден өту парағын береді. Соны алып, аудандық поликлиникадан өтеді. Содан соң балаңыз бір жылда екі рет дәрігердің тексеруінен өтеді. Спортқа жарамды болса, бейімін байқап, жаттықтыруға дайынбыз.

Армрестлинг жаттықтырушысы Исембай Матенов шәкірттерінің жетістіктері:

АйжанМаймақова – ҚР спорт шебері. Жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері (Петропавл, 2015), әлем чемпионатының қола жүлдегері (Малайзия, 2015), жастар арасындағы Азия чемпионы (Қырғызстан, 2017) және әлем чемпионатының қола жүлдегері (Венгрия, 2017), жастар арасында Азия біріншілігінің күміс жүлдегері (Шу, 2018), Азия чемпионатының күміс жүлдегері (Қырғызстан, 2019).

Ыбырай Шолпанов – ҚР спорт шеберіне үміткер. Жасөспірімдер арасында Қазақстанның күміс жүлдегері (Өскемен, 2016), Азия чемпионы (Ташкент, 2016), жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы (Алматы 2017), Азия чемпионатының күміс жүлдегері (Бастери, 2017) және әлем біріншілігінің қола жүлдегері (Венгрия, 2017), Азия біріншілігінің алтын жүлдегері (Қырғызстан, 2019), Азия кубогының күміс жүлдегері (Алматы, 2019).

Жансүйген Мамедова – ҚР спорт шебері. Жасөспірімдер арасында VІІІ жазғы спартикаданың күміс жүлдегері (Тараз, 2016), Қазақстанның күміс жүлдегері (Алматы, 2017) және Азия кубогының иегері (Тараз, 2017), Азия біріншілігінің күміс жүлдегері (Бастери, 2017) және ҚР чемпионы (Талдықорған 2018), Азия чемпионы (Шучинск, 2018).

Қамбар Дилманов – ҚР спорт шеберіне үміткер. Жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері (Шучинск, 2018), ҚР чемпионатының қола жүлдегері (Талдықорған, 2018).

СараСисенбай – ҚР спорт шебері. Жасөспірімдер арасында Қазақстанның чемпионы (Алматы, 2018 ж), Азия чемпионатының қола жүлдегері (Қырғызстан, 2019 ж), Азия кубогының қола жүлдегері (Алматы, 2019 ж).

Талғат Бападжанов – ҚР спорт шеберіне үміткер. Жасөспірімдер арасында Қазақстанның күміс жүлдегері (Алматы, 2015) және Қазақстанның чемпионы (Өскемен, 2016), Азия кубогының күміс жүлдегері (Алматы, 2019).

P.S.: Алдымен ауыл мектебінде үйірме ашып, оны спорт мектебінде жалғастырып, аз жылда Маңғыстау облысының аға жаттықтырушысына айналып үлгерген азаматтың талабына тәнті болдық. Спорт мектебінен сатылай көтеріліп келе жатқан жаттықтырушының мақсат-мұратына жетеріне сенеміз. Осындай жанкешті еңбек иелері ғана әділ бәсекелерде өз бағасын алып, жеңіске жетуе лайық. Тек түрлі кедергілер кездескенде немесе көлденең қиындықтар тап болғанда, талабы қайтып, жігері мұқалмауын тілейміз.

Айбек МҰХАНОВ

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или