Қазақстан киберспорт федерациясы Қазақстан Олимпиадалық комитеті тарапынан танылды
Бүгін, 28 қыркүйек күні, Қазақстан киберспорт федерациясы Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің тану сертификатын иеленді.
Қазақстан ҰОК бас хатшысы Андрей Крюков Алматыдағы бөлімшеде Qazaq Cybersport Federation президенті Қуанышбек Есекеевке сертификат табыстады.
«Спорттық федерацияларды тану туралы сертификат аталған спорт түрінің Қазақстандағы дамуы заңды екенін дәледейтін негізгі құжат. Осы орайда, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті тек қана олимпиадалық спорт түрлерін ғана емес, қарқынды дамып, жастар арасында танымалдыққа ие болған олимпиадалық емес спорт түрлерін де таниды. Болашақта еліміздегі е-спорт жанкүйерлерінің арасында олимпиадалық құндылықтарды насихаттау үшін Ұлттық Олимпиадалық комитет пен киберспорт Федерациясы бірлескен жобалар жасауы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз», - дейді Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков.
Айта кетелік, ұлттық киберспорт федерациясы 2017 жылдың желтоқсан айында кәсіби және әуесқой киберспортшылар бастамасымен құрылды. Ал 2018 жылдың маусымында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде аккредитациядан өтті.
«Қазақстанда елішілік қана емес, киберспорттан халықаралық жарыстарды да өткізе алатын өзіндік «киберстадион» құрылды деп сеніммен айтуға болады. Бұл жоба уақыт өткен сайын жетілдіріліп, толықтырылу үстінде. Жоба тек қана қазақстандық мамандардың көмегімен құрылып, модернизациялануда. Бұл біздің балалардың қолымен жасалған, толығымен отандық өнім. Аталған жоба қатысушыларға ғана емес, көрермендерге де қызық. Біздің арналардағы трансляцияның жалпы қаралымы 10 миллионнан асып кетті, ал жалпы қамту 3-6 миллион аралығындағы бірегей лидті құрайды. Мұның ішінде БАҚ беттері мен трансляциялар да бар», - дейді Қазақстан киберспорт федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев.
Ақпарат үшін: Федерацияның Ұлттық Олимпиадалық комитетімен танылуы “Дене шынықтыру және спорт туралы” Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт Министрлігінде салалық аккредитациялаудан өту процедурасының бір шарты. Федерацияға спорт түрін Қазақстан Республикасы аумағында дамыту құзыреттілігі беріледі. Осыған дейін ҚР ҰОК тарапынан тану сертификаты олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 83 ұлттық спорттық федерацияға табыс етілген. Тану сертификатына ие болған спорттық федерациялардың толық тізімімен Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ресми сайтында танысуға болады.