Жұмағұлов UFC-дегі дебютінде қандай музыкамен шығады?
Қазақстандық файтер Жалғас Жұмағұлов (13-3) 11 шілдеде өтетін UFC 251 турнирінде октагонға шығады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Жерлесіміз UFC-дегі дебюттік кездесуінде сегізбұрышқа қандай композицияның дем беруімен шығатынын айтты.
4 шілдеде Жұмағұлов өз командасымен бірге Абу-Дабидегі (БАӘ) Яс аралына жол тартқан болатын. Қазіргі уақытта Жұмағұлов 48 сағаттық карантинде жатыр, содан кейін ол турнирге дейінгі күндізгі жаттығуды бастайды.
Шара қарсаңында 31 жастағы Жұмағұлов америкалық атақты промоушен туы астындағы алғашқы кездесуі үшін қандай композиция таңдағанын жариялады.
Сонымен, UFC 251 турнирінде Жалғас әйгілі домбырашы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Асылбек Енсеповтің орындауындағы «Көңіл толқыны» шығармасының сүйемелдеуімен сегізбұрышқа беттейді.
Жалғас Жұмағұлов аталған кеште 24 жастағы бразилиялық файтер Раулиан Пайвамен жұдырықтасады. Жұмағұлов-Пайва жекпе-жегі Нұр-Сұлтан уақытымен 05:00-де өтеді. Жекпе-жек кешін Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Бұл кештің басты жекпе-жегінде жартылай орта салмақта UFC чемпионы Камару Усман мен Гилберто Бернс жұдырықтасады. Бұдан бөлек негізгі жекпе-жектер қатарында Александр Волкановски - Макс Холлоуэй және Пётр Ян - Жозе Альдо кездесулері бар.