«Канело» VS Филдинг. Сіз білуге тиіс жеті факт
Алдағы жексенбі күні Нью-Йорктің «Мэдисон Сквер-Гарден» аренасында мексикалық Сауль Альварес (50-1-2, 34КО) екінші орта салмақтағы алғашқы айқасын өткізеді. Қарсыласы – WBA regular чемпиондық белбеуінің иегері британиялық Рокки Филдинг (27-1, 15 КО). Аталмыш кештің қарсаңында осы жекпе-жек жайлы сіз білуге тиіс жеті фактіні ұсынамыз.
Бірінші факт
Басты абзацта атап өткеніміздей, жекпе-жек Нью-Йорктің «Мэдисон Сквер-Гарден» кешенінде өтеді. Бұған дейін Альварес бұл аренада ешқашан айқасып көрген емес. Тіпті, өмірінде Нью-Йоркте жұдырықтасып көрмепті. Оның жекпе-жектері көбінесе Лас-Венаста ұйымдастырылады. Бұл дегеніміз, АҚШ-тың оңтүстік-батысын бағындырған Канело енді солтүстік-шығыстан да жанкүйерлер армиясын жинауға көшті деген сөз. Дегенмен, Рокки Филдинг АҚШ-та төбелеспек түгілі ешқашан Еуропадан асып көрмепті. Оны қойшы, кәсіпқой бокста 28 жекпе-жек өткізіп үлгергенімен Ұлыбритания шекарасынан ары асуы бар болғаны екінші рет. Біріншісінде биыл шілдеде Германияға барып, жергілікті Тайрон Цойгеден WBA regular чемпиондық белбеуін тартып алған.
Екінші факт
Жекпе-жекте Рокки Филдингке тиесілі супер орта салмақтағы WBA regular чемпиондық белбеуі сарапқа салынады. Бұл чемпиондықты британиялық боксшы жоғарыда атап өткеніміздей неміс Тайрон Цойгеден тартып алған. Дегенмен, бұл екінші деңгейлі белбеу. Өйткені, екінші орта салмақта WBA тұжырымы бойынша «супер чемпион» Каллум Смитке тиесілі. Айтпақшы, Каллум өзінің келесі жекпе-жегін жерлесіміз Геннадий Головкинге қарсы өткізеді деген сыбыс бар. Бірақ, бүгінгі тақырыбымыз ол жайында емес.
Үшінші факт
Сауль Альварес те, Рокки Филдинг те кәсіпқой бокста бір-бір реттен жеңілген. Канело 2013 жылы 23 жасында Флойд Мейуэзерден ұтылса, Филдинг 2015 жылы сол кездегі проспект Каллум Смиттен бірінші раундта-ақ нокаутпен жеңілген. Роккиді тізе бүктіру үшін Смитке бар болғаны 165 секунд жеткілікті болды. Үш нокдауннан кейін төреші араша түсіп, Калумның қолын көтерді.
Төртінші факт
Сауль Альвареске қарағанда Рокки Филдингтің бойы да ұзын, салмағы да ауырлау. Мәселен, бойы 185 см, ал құлаштап ұрғанда жұдырығы 191 сантиметрге созылады. Ал Канело одан 10 сантиметрге аласа, құлашы 179 см. Сондай-ақ, мексикалық «Сары бала» ешқашан екінші орта салмақта жұдырықтаспаған. Былтыр Хулио Сезар Чавеспен 74,4 келіде төбелескен. Ал Головкинмен болған екі жекпе-жекті есептемегенде екінші жартылай орта салмақтың аясында айқасып жүрген. Өз кезегінде британиялық боксшы кәсіпқой бокстағы жекпе-жектерінің барлығын 76,2 келінің аясында өткізген. Тіпті, бір рет жартылай ауыр салмақта да жұдырықтасыпты. Дегенмен, салмақ мәселесіне келгенде Канелоның командасы ешқашан есесін жібермейді. Бұл жолы да келісімшартта осы жағын жақсылап қарастырыпты. Нақты айтсақ, боксшылар жекпе-жекке бір күн қалғанда бір рет салмақ өлшеп, жекпе-жек өтетін күні тағы таразыға тұрулары тиіс. Келісімшарт бойынша, жекпе-жек болатын күні Филдингтің салмағы 80,7 келіден асып кетпеуі тиіс екен. Яғни, 76,2 келі тарту үшін Рокки ұзақ уақыт салмақ қуып, салмақ өлшеу рәсімінен кейін 4,5 келі ғана салмақ қосуға құқылы. Бұл оңай шаруа емес.
– «Голден бой» Роккиге шаршы алаңға шыққанда 86 келіден аса алмайтындай етіп талап қойып тастаған. Бірақ, бәрібір Канело одан әлдеқайда жеңіл болады деп ойлаймын. Филдинг оны өзінің жойқын соққыларымен жеңуі тиіс, – деді бұл туралы британиялықтың промоутері Эдди Хирн.
Бесінші факт
Қанша жерден чемпиондық белбеудің иегері болғанымен Рокки Филдинг бокс әлемінде аса белгілі емес. Тіпті, рейтингі де төмен. Мәселен, Boxrec сайтының Р4Р рейтінгінде Канело 2-ші орында болса, Филдинг бар болғаны 96-шы сатыда. Сондай-ақ, Альварес орта салмақта көш бастап тұрса, Рокки супер орта салмақта бар болғаны 6-шы орында.
Дегенмен, егер Филдингті жеңер болса, Канело үш салмақ дәрежесінде чемпион атанған Мексиканың ең үздік 10 боксшысының қатарына кіреді.
Алтыншы факт
Рокки Филдинг – аутфайтер боксшы. Қорғана жүріп шабуылдайды. Соңғы жекпе-жектерін қарайтын болсақ, контр хуктарды өте сәтті пайдаланғанын байқаймыз. Бойшаңдылығынан шығар, қарсыласын джебпен өзіне қажетті қашықтықта ұстап отыруға тырысады. Сөйтіп оңтайлы сәт туғанын сезсе, оң қолымен құлаштай соғады. Алайда, шабуыл кезінде қорғанысты ұмыт қалдырып қоятыны да бар. Ал Сауль Альварес – контр панчер. Қорғана жүріп, қарсыласына сериялық шабуылдар жасап үлгереді. Апперкотпен жақсы жұмыс жасап, көбінесе жақын қашықтықта жұдырықтасқанды жөн көреді. Сондай-ақ, таймингі де керемет. Қай кезде қарқын қосып, қай кезде тынығып алуды жақсы меңгерген.
Жетінші факт
Жекпе-жек кешін DAZN стримингтік жүйесі көрсетеді. Кештің ұйымдастырушылары – Оскар Де Ла Хойя бастаған Golden Boy Promotions пен Эдди Хирннің Matchroom Boxing промоутерлік орталығы. Айтпақшы, Канело DAZN стримингтік жүйесімен 11 жекпе-жекке келісімшартқа отырған. Бұл алғашқысы. Ал чемпиондық кездесуде Майкл Баффер ринг-анонсердің қызметін атқарады.