Ердос Ахмадиев: Норвегия құрамасының 80% астмамен ауырады

Ердос Ахмадиев: Норвегия құрамасының 80% астмамен ауырады

Шаңғы спортынан командалық сайыста Азия ойындарының күміс жүлдегері Ердос Ахмадиев prosports.kz тілшісіне арнайы сұхбат беріп, Пхенчхан Олимпиадасы жайлы ойымен бөлісті.

- Ердос, іріктеуден өте алмай, Пхенчхан Олимпиадасынан тыс қалыпсыз ...

- Ия, спорт болған соң жеңіліс пен жеңіс қатар жүреді. Өкінішке қарай, Олимпиада алдында болған ұлттық құраманың іріктеуінде қажетті нәтиже көрсете алмай төрт жылдықтың басты жарысынан тыс қалдым. Десе де жарысқа жақсы дайындалған едім.

- Осы Ақ Олимпиададағы үмітіміздің бірі Алексей Полторанин. Командаласыңыздың мүмкіншілігіне баға берсеңіз?

- Бұл дүбірлі дода шаңғы спортынан құрама команданың көшбасшысы Алексей Полторанин үшін үлкен мүмкіндік. Өздеріңіз білетіндей Алексей әлем чемпионатын бағындырған мықты финишер. Меніңше, биыл Полторанин спорттық бабында. Оған Алексейдің соңғы «Тур Де Ски» бәсекелеріндегі нәтижелері дәлел. Бірақ Олимпиадада оның бәскелесері де қарап қалмайтыны анық. Атап айтқанда, финляндиялық Нисканен, швейцариялық Дарьо Колонья, допинг дауынан іліккен норвегиялық Мартин Юнсруд Сундбю, биылғы маусымның жұлдызы Кляйбо. Сондықтан Алексейге сәттілік тілеймін. Ауырмай, жарақаттан аман болса ойдағыдай өнер көрсетеді деген ойдамын.

- Допинг дауына іллікен дейсіз. Норвегия құрамасы Олимпиадаға 6000-ға жуық астма ауруына қарсы дәрі-дәрмек алып келіпті. Ол жайлы не білесіз?

- Ол рас, Норвегия құрамасының 80% астмамен ауырады. Cайыс алдында тамақтарына сол дәріні сеуіп алады да жарыс жолында «атша шабады». Кезінде Сундбю да сол астма дәрісін мөлшерден тыс қолданғаны үшін спорттан шеттетілген болатын. Қателеспесем, ол дәріні мөлшерден тыс қолдансаң допинг саналады.

- Биыл ХОК Ресей спортышларына байланысты қатаң үкім шығарған сыңайлы. Жалпы ресейлік шаңғышылармен қарым-қатынасыңыз қандай? Допинг жайлы сұрадыңыз ба?

- Ресейлік әріптестерімнің көбімен жақсы арласамын. Алайда ешкім допинг мәселесі бойынша сырын айтпайды. Ресей - мықты держава. Меніңше, соңғы кезде спорт пен саясат арласып кетті. Ал Америка Ресейді қандай жолмен болса да аяқтан шалып жатыр. 

- Соңғы сұрағым, шаңғы спортынан Олимпиадада қай елдің шаңғышыларының мерейі үстем түседі. Кімнің жолы болып, кім жер сыйпап қалады? Өз болжамыңызбен бөліссеңіз.

- Ерлер арасында азулы Норвегия мықтылығын дәлелдеуі тиіс. Франция мен Швеция да қарап қалмайды . Ал әйелдерге келсек үнемі фаворит саналған Норвегия құрамасы соңғы кезде әлсіз көрінеді. Оған қоса, Марит Бьорген қартайды, Тереза Йохауг допингпен ұсталды. Сол себепті Шарлотта Калла бастаған швециялық арулар биік тұғырдан көрінуі тиіс. Диггинс сынды мықтылары бар АҚШ шаңғышылары да өз мүмкіндіктерін мүлт жібермейтін шығар...

- Сұхбатыңызға рахмет!

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или