ҚР ауыр атлетика федерациясы: Құрамамыз жарыстардан шеттетілген жоқ
Қазақстан ауыр атлетика федерациясы зілтеміршілеріміз құрамада болған допинг дауына байланысты Анахаймада (АҚШ) өтетін 2017 жылғы әлем чемпионатына қатыса алмайды делінген ақпарат жайлы мәлімдеме жасады.
«Қазақстан ауыр атлетика федерациясы Қазақстан құрамасының спорттық шаралардан бір жылға шеттетілгені жайлы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлайды», - делінген мәлімдемеде.
Федерацияның бас хатшысы Омар Мұстафиннің айтуынша, Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы 2014 жылы толықтай жаңарған соң халықаралық комиссияға таза спортты дамыту және жаңа антидопинг шараларының қолданылуы бойынша жаңа күш салулардың тиімділігін дәлелдеген.
Бүгінде допинг дауына іліккен 9 федерацияны бір жылға жарыстардан шеттету мәселесі әлі де шешілген жоқ. Бұл мәселеде соңғы шешім 2017 жылдың 30 қыркүйегінде Бухаресте айтылады деп күтіледі. Мұнда IWF Атқару комитетінің кезектен тыс отырысы өтеді.