Хамитов: Көшедегілермен емес, элиталы спортшылармен жұдырықтасамын
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Қуат «Найман» Хамитов 21-ші сәуір күні өтетін Fight Nights Global 64 турнирінде ресейлік жеңілмеген чемпион Магомедсайгид Алибековпен кездесу өткізеді.
Бірнеше күн бұрын Хамитов Головкин – Джейкобс жекпе-жегінің нәтижесі жайлы жазбасы спорт жанкүйерлері арасында көп талқыға түсті. Панкратионнан әлем чемпионы Мырза Еркенбеков «Найманды» жекпе-жекке шақырып та үлгерді.
Prosports.kz тілшісі Хамитовқа хабарласып, оған маңызды әрі өткір тақырыптар бойынша сұрақтар қойды.
- Рабадановқа қары өткізген соңғы жекпе-жегіңіз жайлы айтып өтсеңіз. Қаншалықты қиын болды?
- Жекпе-жекте ғана емес, оған дайындық кезінде де ауыр болғанын білетін шығарсыздар. Ойдағыдай жаттығу жасай алмадым. Спарринг-серіктестермен қиындық болды, бір апта қалғанда тіземді жарақаттап алдым. Тура осы кездесу алдында бизнесте де сәтсіздікке ұшырадым. Оңай болмады. Қарсылас та мықты, әлем чемпионы. Мен тек еліміздің 25 жылдық тәуелсіздігіне сый тартқым келді. Сол күні (16-шы желтоқсан) мен ешкімді жерге қаратуға құқығым жоқ еді. Жанкүйерлер мен жерлестеріме алғыс айтамын.
- Fight Nights өкілдері жекпе-жектен кейін не деді?
- Fight Nights менің жоспарымды білгісі келді. Мен оларға супер жекпе-жек өткізуді ұсындым. Олар келісті. WBK чемпионы Fight nights чемпионына қарсы кездесу өткізеді.
- Магомедсайгид Алибековқа қарсы кездесуге дайындық қалай өтуде?
- Дайындық өте жақсы өтуде. Аптасына 7 күн жаттығу жасаймыз. Менімен бірге әртүрлі ұйымдардың әлем чемпиондары жұмыс істеп, көмектерін аямауда. Бәрі ойдағыдай. Бастысы жарақат алып қалмау керек
- Алибековтың мықты жағы қандай? Оны қалай жеңуге болады?
- Қарсылас өте мықты әрі жеңілмеген. Аяққа тұрып та, күресте де жұдырықтаса алады. Кездесуде кім ақылдырақ, сол жеңеді. ММА ең қауіпті әрі қатігез спорт түрі. Бәрі де болуы мүмкін.
- Бапкеріңіз кім?
- Соңғы үш жылда, жалпы, менде бапкер болған емес. Кездесуге өзім жоспар жасап, жаттығуды да өзім жасаймын. Әрқашан осылай болған. Кейде әкемнен ақыл сұраймын. Себебі, ол менің алғашқы бапкерім болған. Ал, жиын, жаттығу, дайындық, жол, емделу т.б менің мойнымда. Бәрін өзім жасаймын.
- Головкин – Джейкобс нәтижесі жайлы жазғанда, қазақстандық ұтылды деп пікір білдіріпсіз. CompuBox жүйесі Головкиннің жеңісін айқындады. Сіз енді GGG-дің жеңісін мойындайсыз ба?
- Мен кәсіпқой спортшымын және раундтағы жеңісті қалай және не үшін беретінін білемін. Басында Головкин басымырақ болып, 6 раундтың 4-ін алды. Екінші жартысында бәсеңдеп, соққы жібере бастады. Егер жерлес емес, спортшы ретінде қарасақ, есеп – 7:5, Джейкобстың пайдасына. Нокдаун болды, сондықтан тең нәтиже тіркелуі керек. Статистикаға келсек, соққы бар және таза соққы бар. Соңғысы жеңіске жетуге көмектеседі. Оған дәлел, Гонсалестің таиландтыққа, Уордтың Ковалевке қарсы жекпе-жегін айтуға болады. Бұл кездесуде ешкім жеңілмеді деп ойлаймын. Бұл менің пікірім.
- Сіздің жазбаңыз шу шығарды. Әсіресе, Головкиннің бокстан кетуі керек деген сөзіңіз талқыға түсті. Осы сөзіңізді түсіндіріп бере аласыз ба?
- Адамдар шындықты айтқанды ұнатпайды. Өмірде де, саясатта да, спортта да, барлық жерде солай. Шындығы сол, кез-келген спортшы 30-дан асқан соң бәсеңдейді. Бұл табиғат және бұған қарсы ештеңе істей алмайсың. Неге спорттан кету керек дедім? Себебі, жерлесімнің жеңілісін көргім келмейді. Оны болашақта Уорд және «Канело» сияқты боксшылар күтіп тұр. Ал, олар Джейкобс емес. Спортта уақытында кете білу керек. Тікелей эфирден көргенімде, «Біз жеңілдік пе?» - деп ойлап, «Ең болмаса тең нәтиже беріңдер», - деп сиындым. Жеңісті бізге бергенде, спортшы ретінде Джейкобсқа жаным ашыды. Ол өз жұмысын «беске» жасады, ал оған «екі» қойды.
- Көбі Головкин әдейі бар күшін салмай, өз раундтарын санап жүрді деп санайды. Кәсіпқой спортшы ретінде бұған не дейсіз?
- Бұның бәрі ертегі. Головкин – ұлы чемпион. Кәсіпқой ретінде айтайын, оның соңғы қарсыластары әлсіз болды. Ал, оңай қарсыласқа үйренгеннен кейін нағыз жекпе-жектен алыстай бастайсың. Бұл осы жолы көзге көрініп қалды. Нокдауннан тұрып, жұдырықтасуды жалғастырғанда, Головкин не істерін білмеді. Бұл тек спортшыларға көрінеді. Бірақ, бәрі жақсы өтіп, біз жеңіске жеттік. Енді Головкин бұдан да мықты болып оралады деп сенемін. Қарымта кездесу бәріне нүкте қояды.
- Қарымта кездесу? Головкинның Сондерс пен «Канелоға» қарсы кездесуін көргіңіз келмей ме?
- Америкада Головкинге жеңісті сыйлады деп айтып жүр. Сондықтан, ешқандай Сондерс жайлы әңгіме болмауы керек. Тек Джейкобспен қарымта кездесу болуы қажет. Чемпиондар осылай істейді. Қарымта кездесу бәрін өз орнына қояды деп санаймын.
- Мырза Еркенбеков сізді жекпе-жекке шығарды. Сіздердің кездесулеріңізді көре аламыз ба?
- Осыдан 3-4 жыл бұрын, мені бір бизнесменнің күзетшісі мен оққағары жекпе-жекке шақырды. Ол үшін маған 100 мың АҚШ долларын ұсынды. Мен оларға халықаралық ареналарда өз елімнің туын көтеріп жүргенімді айттым. Мен элиталы спортшылармен жұдырықтасамын. Көшедегілермен төбелеспеймін. Қазақстанда менің салмағымда айтарлықтай спортшы жоқ және олар мені кездесуге шақыра алмайды. Маған сенбесеңдер, Дамир Исмагуловтан сұраңыз. Ол біздің үздіктерді бірінші раундта сұлатты. Қателеспесем, солардың ішінде мені жекпе-жекке шақырған жігіт те бар.
21-ші сәуірден кейін, 70 келіде чемпион болып, 66 келіде чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өткіземін. Ол кездесу Алматыдағы «Алматы Аренада» өтеді.
- Кездесу уақыты анықталды ма?
- Жазда. Нақты уақытын Алибековпен болатын кездесуден кейін айтамыз.