русский язык

Рио Олимпиадасы салтанатты түрде бастау алды

Рио Олимпиадасы салтанатты түрде бастау алды

ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты сәтті өтті. 

Ашылу салтанаты - дәстүр бойынша Олимпиада ойындарын қабылдайтын елдің тарихымен тікелей байланыстырылды. Адамзаттың пайда болу кезеңінен бастап, португалиялық басып алушылармен жалғасып, өркениеттің дамуы кезеңін де көрсетіп өткен ашылу салтанатында - Бразилия жерінің осы күнге дейінгі өмірі жайлы көрсетілді. Алғашқы ұшақтан бастап, тас қалалардың тұрғызылуынан сыр шертті. Бразилиялық өнер майталмандары "Маракана" сахнасында өнер көрсетті.  

Сонымен қатар, ашылу салтанатының басты мақсаты ретінде - әлем ормандарын сақтап, ғаламдық табиғи апаттарға, соның ішінде ғаламшарымыздың жылынуы мен мұздықтардың еруіне бей-жай қарамай, табиғатты сақтау үндеуі таңдалған секілді. Ашылу салтанаты арқылы бразилиялықтар әлемге табиғатты аялау керек екендігін үндеу ретінде жариялады. Ашылу салтанатының бір екекшелігі сол, стадионда жүріп өткен спортшыларға бір дәннен беріп, арнайы ыдысқа егуді ұсынды. Нәтижесінде, Олимпиада ойындарына қатысушы спортшылардан ағаш талдары мирас болып қалмақ. 

Сан түске оранған ұлттық құрама өкілдері дәстүр бойынша жиналған қауым мен әлем жанкүйерлеріне сәлем жолдап, "Маракананы" бір айналып шықты. Олимпиада ойындарына қатысушы 207 мемлекет ашылу салтанатына шығып, Қазақстан 41-ші болып стадионда жүріп өтті. 

Естеріңізге сала кетейік, бүгін велошабандоздарымыз жарыс жолына шығады. Осыған дейін садақ ату спортында бағын сынап жатқан Сұлтан Дүйзелбаев пен Луиза Сайдиева іріктеу кезеңінен сәтті өткен болатын. 

 

Қазақстан спортшылары ашылу салтанатында: 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;