русский язык

Қазақстан Риодағы Олимпиада ойындарына аз құраммен қатысқалы отыр

Қазақстан Риодағы Олимпиада ойындарына аз құраммен қатысқалы отыр
Бразилияда осы аптада жазғы олимпиада ойындары ашылады. Қазақстан құрамасында мәртебелі жарысқа тұңғыш рет қатысып жатқандармен бірге олимпиада жеңімпазы мен жүлдегері атанғандар да бар.
 
Nur.kz сайтының ақпаратына сүйенсек, Қазақстан Рио-де-Жанейро қаласында өткелі отырған жазғы Олимпиада ойындарына әу баста 108 жолдамаға ие болған еді. Бірақ олимпиада қарсаңында теннисшілер Михаил Кукушкин мен Юлия Путинцеваның жарақат алуы себепті Риодағы ойындарға қатыспайтыны белгілі болды. Ереже бойынша, олардың жолдамасы басқа қазақстандық теннисшілерге берілмейді.
 
Бұдан бөлек, халықаралық ауыр атлетика федерациясы биыл допинг жанжалына байланысты Қазақстан құрамасын екі лицензиядан (1-ер және 1-әйел) айырған.
 
Осылайша, Қазақстан құрамасынан бұл жолы жазғы олимпиадаға барлығы 104 спортшы қатысады.
 
Атап айтқанда, бокстан 12 спортшы (он жігіт пен екі қыз), еркін күрес - 5, грек-рим күресі - 3, әйелдер күресі - 4, тас жолдағы веложарыс - 2, велотрек - 1, көркем гимнастика - 1, акробатика - 1, қайықта ескек есу - 2, байдарка және каноэ - 11, кедергілер арқылы ескек есу - 1, дзюдо - 6, жеңіл атлетика - 26, суға жүзу - 3, мәнерлеп жүзу - 2, бессайыс - 2, садақ ату - 2, нысана көздеу - 5, таеквондо - 3, теннис - 2, үстел теннисі - 1, ауыр атлетика – 8 және семсерлесу бойынша 1 адам Қазақстанның атынан сынға түседі.
 
Бұған дейін, 1996 жылғы Атланта олимпиадасын (96 спортшы) есептемегенде, Қазақстан жазғы олимпиада ойындарына 110 спортшыдан кем апармайтын.
 
Велоспорттан жастар арасындағы әлем чемпионы Алексей Луценко да олимпиада басталуға бір апта қалғанда жаттығу кезінде жарақат алып, Бразилиядағы жарысқа бара алмайтыны белгілі болды. Оның орнына қазақстандық велоспортшы Андрей Зейц қатысады.
 
Бұған дейін Сидней, Афина, Пекин және Лондон ойындарында командалық спорттың кем дегенде бір түрінен бәсекеге араласып келген Қазақстан Риода командалық спорт түрлерінен сынға қатыспайды. Волейбол мен регбиден әйелдер құрамасы, су добынан ерлер мен әйелдер құрамалары іріктеуге қатысқанымен, жолдамаға қол жеткізе алмады.
 
Тамыздың 5-і күні Рио-де-Жанейро қаласында 31-жазғы олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан туын таэквондошы Руслан Жапаров ұстап шығады.
 
Тамыздың 21-іне дейін жалғасатын Рио олимпиадасында спорттың 28 түрінен 306 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
 
Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;