русский язык
Футбол

Байсуфиновті бас бапкер қылсақ қайтеді?

Байсуфиновті бас бапкер қылсақ қайтеді?

Қытай құрамасына қарсы жолдастық кездесу Ұланның қажетсіз жарақатымен аяқталды. Дегенмен, бұл матчта қазақстандық футболшылардың біраз қасиетін байқап қалдық. Ұлан жарақат алған сәтте құрама ойыншыларының, әсіресе Дмитрий Шомко мен Таңат Нөсербаевтың өз әріптесі үшін қалай күйінгенін қырағы көз көрерменнің бәрі көрді. Үзіліс кезінде капитан Самат Смақов бастап, Давид Лория қостап «Қытайдан Ұланның кегін жеңіспен алайық» деп айтқаны ғаламтор желісінде көп айтылып жатыр. Екінші таймда біздің қорғаныс сыр бермей, тіпті, үлгермей бара жатса, ойын тәртібін бұза салғанын да көзіміз шалды. Бұл тұста ойынның жолдастық екені екінші орынға кетіп, бірінші орынға намыс шықты.

 Қазақстандық ойыншылар Дәлән қаласында 45 мың қытайлық жанкүйердің алдында аспан асты елінің футболшыларын тізе бүктірді. Осылайша, Қазақстан құрамасының жеңіліссіз сериясы төрт матчқа жетті. Оны Юрий Красножан бастағанымен, соңғы үш ойыны Талғат Байсуфиновтың жетекшілігімен өткен. Иә, үш матч та жолдастық кездесулер. Бірақ бұл ойындарда құраманың басқа қырларын байқадық. Біздің ойыншыларда командалық рух, намыс айқын көрінеді. Оның үстіне үш кездесу де сырт алаңдарда ойналғанын ұмытпаған жөн. Түркияда Әзірбайжанды жеңіп, Тбилиси төрінде грузиндермен тең тарқастық. Кеше енді Қытайға барып, сол жақтың құрамасынан айласын асырды Байсуфинов шәкірттері. Бұл үш құраманы да алдыңғы бапкерлер жеңе алмай жүрген еді. Сол Грузияның өзі кеше Хетафеге барып, кәрі құрлық чемпионы Испанияны жеңіп қайтты. Ал біз соларға қонаққа барып, тең түстік. 

Рас, Юрий Красножан біздің ұлттық құрамаға жақсы-ақ ойын жүйесін орнатып кетті, ал Талғат Байсуфинов соны жетілдірді, ұжымдық рухты қосты. Әзірше ол бас бапкердің міндетін атқарушы ғана. Федерация ұлттық құраманың тізгінін шетелдік маманға сеніп тапсырғысы келеді. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалай» салған да нәтиже береді кейде. Сондықтан осы Талғат Маруанұлын ұлттық құраманың бас бапкері қылсақ дұрыс шығар...

 
Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;