русский язык
Футбол

Самат Смақов: «Бұл жеңісті Ұлан мен біздің жанкүйерлерімізге арнаймыз»

Самат Смақов: «Бұл жеңісті Ұлан мен біздің жанкүйерлерімізге арнаймыз»
Футболдан Қазақстан құрамасының капитаны Самат Смақов ProsportKz.kz тілшісіне Қытаймен өткен кездесу жайлы және Ұлан Қонысбаевтың ауыр жарақаты туралы айтып берді. 
 
- Даляньдағы кездесуден кейін көңіл-күйіңіз қандай? 
 
- Ең бастысы жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Ойын өте ауыр болды. Қарсылас команда жайлы ештеңе білмедік. Бұған қоса, алаңның сапасы біз ойлағаннан әлдеқайда жақсы болып шықты. Мұндай алаң бізде тек Алматының Орталық стадионында ғана бар. Сонымен қатар, 40 мың қытайлық жанкүйерлер бізге қысым жасады. Кездесуді түбегейлі өзгерткен сәт - бұл Ұлан Қонысбаевтың жарақаты. Оны бірден стадионнан ауруханаға алып кетті. Бұл әрине өте өкінішті жайт. Біздің жігіттер бұдан кейін дөрекі ойнай бастады. 
 
- Ұлан Қонысбаев бірінші таймның соңында ауыр жарақат алды. Үзілісте не болды? 
 
- Мұндайдан кейін ойнау өте ауыр. Үзілісте бапкерлік құрам сабыр сақтауды сұрады. Дөрекі ойнамаңдар деді. Ұлан үшін тырысып, жеңіске жетіңдер деп нұсқау берді. Жігіттердің қолынан келді. Елдос Ахметов қана тыңдамады. Оған байқап ойна деп айттым. Бірақ жас болған соң ба, сезімге жол берді. Матчтан кейін Елдос команда алдында кешірім сұрады. Бұл оған болашаққа сабақ болады. Екінші таймда Ұлан үшін тырыстық. Бұл жеңіс оған және біздің жанкүйерлерімізге арналады. 
 
- Қарсылас команданың ойыншылары Қоңысбаевтың жарақаты жайлы не деді?
 
- Ұланды ауруханаға алып кеткен сәтте төрешімен сөйлесіп тұрдым. Содан кейін олардың капитаны келді. Мен Қонысбаевтың жарақат алған сәтін көре алмадым. Сондықтан ештеңе айта алмаймын. Кездесуден кейін қытайлық ойыншы кешірім сұрады. Маған белгілі болғандай, Далянь қаласының әкімі Ұланның жағдайын білу үшін ауруханаға барыпты. Дегенменде, бұдан гөрі Қытайдан ұтылып, Қонысбаев бабында болса ғой деген ой бар. Себебі футболшының мансабы қысқа. Жарақатынан айығып болған соң, бұрынғы бабына келу-келмеуі екіталай, бұған қоса ешкімге керек болмай қалуы  мүмкін. Бірақ Ұланның мінезін біле тұрып, оның жасыл алаңға тез арада оралатынына сенімдімін.   
Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;