русский язык
Футбол

Еуропа чемпионатына қауіп төнді

Еуропа чемпионатына қауіп төнді

Францияның Лион қаласында футболдан Еуропа чемпионатына дайындық аясында лаңкестікке қарсы ауқымды әскери оқу-жаттығу өтті. 

Кеше ағылшынның «Сан» басылымында Англия-Ресей матчы алдында лаңкестік әрекет әзірленіп жатқаны туралы ақпарат жарияланған болатын. Франция билігі бұл мәліметті жоққа шығарды, бірақ көптеген турист сескеніп қалды. Лаңкестер Парижде экстремистік шабуылдар жасайды деген ақпарат желдей ескелі, француз билігінен маза кетті. Бұл аздай, елде еңбек заңнамасын реформалауға қарсылық білдірген ереуілдер туристер нөпіріне кері әсер етуде. Алдын ала тапсырыс бойынша алынған қонақ үй бөлмелерінің саны былтырғы жазбен салыстырғанда 2 есе аз. Мамандар мұндай құлдырауға шерулер түрткі болып отыр деп есептейді. 

Жан-Марк Эйро, Франция сыртқы істер министрі: 

- Ереуілдер туристердің келуіне кесірін тигізуі мүмкін. Бірақ Франция қиындықтарды қалай жеңу керек екенін жақсы біледі. Мәселенің түйінін шешу көп күттірмейді деп сенемін. 


Дәл қазір Парижде жүрген туристердің уақытты жайлы әрі көңілді өткізуіне лаңкестік әрекет қаупі де, ереуілшілер тарапынан жасалып жатқан тәртіпсіздіктер де кедергі емес. Саяхатшылар ойы осыған саяды. 

Элиза, америкалық турист: 

- Біз сапарымызды 8 ай бұрын жоспарладық. Бәзбіреулер бізді осында келмеуге үгіттеді. Бірақ мұндай қорқынышқа ерік беруге болмайды. Туризм бизнесі Францияның жалпы ішкі өнімінің 7 пайызын құрайды. Бұл сала бүкіл ел бойынша 2 млн жұмыс орнын беріп отыр. Билік туристерді тартудың жаңа кезеңі басталғанын жариялады.


Анн Идальго, Париж мэрі: 

- Парижге әлемнің әр бұрышынан адам тартуға біздің қосымша күш жұмсауымыз мүлде керек емес. Бірақ соңғы кездері әлемдегі жағдайдың қалайша өзгергенін байқап отырмыз. Астанамыздың тартымдылыған арттыра түсу үшін өз ісіне шебер туризм мамандарымен бірге үлкен жұмыстар атқардық.


Ал алдағы айда Парижде өтетін ала доптың аламаны бұрынды-соңғы Еуропа чемпионаттары ішіндегі қонақтарды ең көп қабылдайтын жарыс болғалы тұр. Ақтық сайыс ел астанасындағы «Стад де Франс» стадионында өтеді. 

Айта кетейік, былтырғы қарашада қаскөйлер тап осы жерде қантөгіс жасаған болатын. Спорт кешенінің керіберісінде болған қаралы оқиғадан 130 адам опат болған еді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;