русский язык
Футбол

Биылғы Қазақстан Кубогы кімге керек?

Биылғы Қазақстан Кубогы кімге керек?

Кеше футболдан Қазақстан Кубогының ширек финалы мәресіне жетті. Бұл кезеңде ешқандай сенсация болған жоқ, үздік болған төрт команда жартылай финалға жолдама алды. «PROСПОРТ» тілшісі ел кубогын кімнің еншілеуі мүмкін екенін болжап көрді.

Соңғы екі жыл бойы Қазақстан Кубогы алматылықтарға бұйырып жүр. «Қайрат» соңғы жылдары чемпионатта алтын жүлдеге қол жеткізе қоймаса да, кубокты қатарынан екі рет ұтып алды. 2014 жылы финалда «Ақтөбені», келесі жылы елордалық «Астананы» қапы қалдырған болатын. Сондықтан биыл да кубоктың басты фавориті – Кахабер Цхедадзе шәкірттері. «Қайрат» – биыл ел кубогында гол жібермеген жалғыз клуб. Команда 1/8 финалда «Шахтерді» 4:0, кейін «Жетісуді» 2:0 есебімен жеңді. Қандай турнир болмасын, тек жоғары орындарды мақсат қылатын «Қайрат» үшін биыл да Қазақстан кубогын жеңу негізгі тапсырмалардың бірі. Сондықтан бұл додада алматылық ұжым бар күшін салатыны сөзсіз.

«Қайратқа» біреу қарсылық көрсетсе, ол «Астана» болар. Соңғы жылдары бұл екі команда өзара алтын жүлдеге таласып қана қоймай, Суперкубок, Кубок финалы сыяқты үздіктерді анықтайтын мачтарда жиі кездеседі. Бірақ соңғы кездері елордалық ұжымның мұндай матчтарда жолы болмай жүр. Былтыр ел кубогының финалында және биыл Суперкубок матчында «Қайраттан» жеңіліп қалды. Енді сол сәтсіздіктердің есесін биылғы Кубокта қайтаруы ықтимал. Осы жылы «Астананың» қарқыны мықты, команда чемпионатта көш бастап келеді. Бірақ кубоктық ойындарда «Астана» екі кезеңде де Бірінші лига командаларымен кездесіп, екеуінде де үлкен қиындықпен жеңіске жетті. 1/8 финалда команда өз алаңында ақтаулық «Каспийді» 1:0 есебімен жеңді, оның үстіне, ойындағы жалғыз голды Нөсербаев 90-минутта ғана соққан. Ал ширек финалда Петропавлда «Қызыл-Жар СК» клубымен күш сынасып, 3:2 есебімен жеңді. Бұл нәтижеге қарап «Астананың» Кубок матчтарында қатты күш салмай жүргенін байқауға болады. Бірақ қалған кездесулерде астаналық футболшылардың шеберлігі мен жинақы ойыны командаға жеңіс әкелуі мүмкін.

Биыл күтпеген жерден «Астанаға» қарсылық көрсетіп, чемпионатта оқ бойы озып шыққан «Ертіс» те Кубоктан дәмелі. Димитар Димитров шәкірттері үшін биылғы ойындар оңайға соғып жатқан жоқ. Команда 1/8 финалда «Ақжайыққа» барып, 1:0 есебімен жеңіске жеткен. Ал кеше біріншілікте үздік үштікке кіретін «Оқжетпеске» қонаққа барып, 2:1 есебімен ұтты. «Қайрат» пен «Астанаға» қарағанда «Ертістің» бір ұтымды тұсы бар. Алматылық және астаналық командалар жаз бойы еурокубок додасында бақ сынасып жүргенде павлодарлықтар тек чемпионат пен кубокқа ғана көңіл бөледі. Күнтізбенің тығыздығы ойыншылардың шаршауына немесе жарақаттануына алып келетіні айқын. Сондықтан, «Қайрат» пен «Астана» Кубок матчтарында жартылай негізгі құрам немесе толығымен қосалқы құрамды ойнатылуы мүмкін. Осы тұста «Ертісте» жақсы мүмкіндік туады.

Биылғы Кубок кімге қажет? Әрине, «Атырауға». «Мұнайшылар» чемпионатта үздік үштікке еніп, еурокубокқа жолдама ала алмайды. Мұның тетігі – Қазақстан кубогын ұту. 2009 жылы өткен ел кубогы естеріңізде ме? «Атырау» сол жылы «Ақжайық», «Қайсар» және «Жетісу» секілді клубтарды жарыс жолынан шығарып, финалда «Шахтерден» айласын асырған. Юрий Коньков шәкірттері осындай мүмкіндік туып тұрғанда өліспей, беріспейді. Сондықтан, бұл команданы тізімнен сызып тастау әлі ерте.

Айта кетейік, Қазақстан кубогы жартылай финалының алғашқы ойындары 21 қыркүйекте, ал қарымта матчтары 6 қарашада өтеді.

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;