русский язык
Футбол

Юрий Өткелбаев: «Ойыншыларды кінәлағым келмейді»

Юрий Өткелбаев: «Ойыншыларды кінәлағым келмейді»

«Ақтөбе» ФК бас бапкері Юрий Өткелбаев «Таразға» қарсы ойыннан кейін баспасөз мәслихатында кездесу туралы ойымен бөлісті. Бұл туралы ақтөбелік клубтың баспасөз-қызметі мәлім етті.

-Бүгінгі ойынымыз біз қалағандай болмады. Не себепті екенін анықтайтын боламыз. Көп нәрсені жасай алмай жаттық. Дегенмен, бірінші таймда біраз мүмкіндігіміз де болған, ойын тізгіні бізде болды. Екінші таймдағы гол бар жоспарымызды өзгертіп жіберді. Жарақаттарға байланысты ойыншы ауыстырдық. Сөйтіп, ойын жүйесін жоғалтып алдық. Қарсыласымыз да оңай шағылар жаңғақ еместігін көрсетті. Оларды бүгін мақтап қоюға болады, біз бүгінгі қарсыласымызбен екінші рет тең ойнап отырмыз.

- Отарбаевтың ойынын қалай бағалар едіңіз?

- Мен ойыншыларды кінәлағым келмейді, қақпашыны да. Қақпаға енген барлық гол тек қақпашының кінәсі сияқты көрініп тұрады. Бірақ шынтуайтында олай емес. Оның 4 ойын бойы қақпасын құрғақ ұстағанын ұмытпайық. Ол да тек қақпашының еңбегі деп айтуға келмейді. Бұл командалық ойын. Біз бүгін қақпашымызға көмеккке келе алмадық, қақпашы да бар шеберлігін көрсете алмады. Команда үш плюс деген бағаға тұрарлық ойын көрсетті. Сондықтан, нәтижені бүкіл командадан талап ету керек, мен де, бапкерлік штаб та жауаптымыз.

- Никита Бочаров неге ойнамады?

- Ол ауырып қалды. Осы ойыннан соң ол командамен бірге жұмыс жасайды деп ойлаймын. Иә, оның жоқтығы білінді. Бірақ оның орнына бірінші таймда Давлатов жақсы ойнап шықты. Мүмкіндіктері болды, шабуылды бағыттап отырды. Сондықтан да, Никитаның жоқтығы онша білінді деп айта алмаймын.

-Бобир Давлатовқа не болды?

- Қазір ол иығын түсіруге кетті. Оның үстіне ойыншы құлап қалды, ол қайтадан айлап отырып қалар болса өкінішті болары хақ. Ол жақында ғана жарақатынан айыққан еді. Медицинаның не айтатындығын күтейік.

- Давлатов кеткен соң шабуыл өз жүйесінен айырылғанымен келісесіз бе?

- Иә, ол кеткен соң жүйесіз ойын болып кетті, себебі оның орнын басатын шабуылдаушы ойыншы жетіспеді. Ойын барысында тактиканы өзгерте қою да қиынға түсті. Самат Смақов ол орынға жылжыған, кейін Мұрат Тілешевті шығардық. Бірақ, біз ойлағандай болмады. Біз бұндай жағдайға дайын болмай шықтық. Қарсыластың жақсы ойнағанын, шабуылдар ұйымдастыра біліп, допты бақылауларында ұстай білгендерін айта кетуіміз керек. Қарсыластың соңғы орында келе жатқаны, біз оны міндетті түрде жеңуге міндеттіміз дегенді білдірмейді. Бұл Қазақстан чемпионатында бәсекелестіктің жоғары екендігін білдіреді. Жігіттерге турнирлік кестеде жоғары көтеріліп кету мүмкіндігі қосымша моральдық қысым болған сияқты, жоғары көтерілуге де бой үйрету керек. Бұл ойыннан біз мол тәжірибе жинақтадық деп ойлаймын. Немесе әдеттегідей жеңеміз ғой деген ой қылаң берген болуы мүмкін. Қалай дегенмен, бір ұпайды иемдендік, бір ұпайдың да пайдасы тиетін болады. Біз ойын соңына дейін қалайда жеңіске жету үшін тырысып бақтық, қосымша қосылған жеті минутта да тыным таппадық, құлап жаттық, сүрініп жаттық. Бізге салқынқандылық жетіспеген секілді. Бірақ біз өз Жанкүйерлерімізді қуанту үшін барымызды салдық, алайда бәрі біз қалағандай бола бермейді. 

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;