русский язык
Футбол

Чемпионаттың бел ортасы: Кім мықты? Кім әлсіз?

Чемпионаттың бел ортасы: Кім мықты? Кім әлсіз?

Әне-міне дегенше, футболдан ел чемпионатының бірінші айналымы да артта қалды. Командалардың шабысын саралайтын уақыт келген болар. «PROСПОРТ» тілшісі алғашқы айналымның қорытындысы бойынша кей командаларға ерекше тоқталып өтті.

Айналымның үздік командасы

Айналымның үздік клубы дегенде ойға екі ұжымның келетіні сөзсіз – «Астана» мен «Ертіс». Маусымның басында елордалық ұжымнан осындай қарқынды ойынды бәрі де күткен болар. Бірақ олардың жағасына жармасып, лайықты қарсылық көрсететін команда «Ертіс» болады деп ешкім ойламаған шығар. Сондықтан, айналымның үздік командасы деген атты «Ертіске» бергеніміз әділетті болар. Димитар Димитров шәкірттері алғашқы он тур бойы жеңілмей, тек соңғы матчында ғана «Қайратқа» жол берді. 26 ұпай еншілеген олар «Астананың» соңынан қалмай келеді. Оның үстіне, 11-турдан соң 20-дан астам гол соққан команда тек «Ертіс» (22 гол) қана. Аз гол жіберген де осы – «Ертіс» (6 гол, «Астанамен» бірдей).

Айналымның сәтсіз командасы

Маусымды ойдағыдай бастамаған клубтар біршама. Бұлардың қатарына «Шахтер», «Тобыл», «Ақжайық» секілді клубтарды қосуға болады. Бірақ ең сәтсізі деп алматылық «Қайратты» айту керек. Иә, «Халық командасы» алғашқы алтылықта келе жатыр, бірақ олардың орны алтыншы сатыда емес, тек үздіктер қатарында болуы керек еді. Маусымның алдында жаңа бас бапкер алып, Андрей Аршавин секілді жарық жұлдызбен қатарын толықтырған алматылықтар бірінші айналымдағы 11 ойынның бесеуінде ғана жеңіске жетті. Шабуыл шебіне Жерар Гоу, Исаэл, Бауыржан Исламхан, Аршавин секілді білікті ойыншыларды жинап алғанына қарамастан, команда 11 матчта 12-ақ гол соқты. Яғни, бір матчта орташа есеппен бір ғана гол. Чемпионаттағы басты қарсыластары «Астана» мен «Ордабасыға» жол бергенін айтпағанда, аутсайдерлер «Тараз» бен «Ақжайықтан» ұтылып қалды. «Қайрат» көш басындағы «Астанадан» 11 ұпайға қалып келеді. Сондықтан айналымның ең сәтсіз командасы деп «Қайратты» атауға болады.

Айналымның сенсациялық командасы

Чемпионатта сенсация жасап жатқан бір ғана клуб бар – «Ақтөбе». Маусымның басында бюджеті қысқартылып, білікті ойыншыларының бәрінен айырылып қалған ақтөбелік клубтың құрамы жас ойыншылармен, ресейлік төменгі дивизионда ойнаған легионерлермен толықты. Бұларға Самат Смақов, Мұрат Тлешев секілді тәжірибелі футболшылар бастау болды. Чемпионаттың басында жанкүйерлер мен мамандар бұл клубты айқын аутсайдер санаған.  Көптің күткеніндей, «Ақтөбе» чемпионатты жеңіліспен бастады. Алғашқы үш турда пентакампеондар бір ғана ұпай еншілей алды. Тек төртінші турда ғана Юрий Юткелбаев шәкірттері алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Содан бері «Ақтөбе» чемпионатта сегіз кездесу өткізіп, оның біреуінде ғана жеңіліп қалды. Ақтөбеліктер соңғы төрт матч бойы жеңілер емес, тіпті, өз қақпасына гол да жібермей келеді. Команда бүгінде бесінші орында келе жатыр. Жалпы, ақтөбелік ұжым бірінші айналымдағы 11 кездесудің 7-еуін қонақта өткізген. Өз алаңындағы төрт матчтың біреуін «Астана Аренада» ойнағанын ұмытпаған жөн. Оның үстіне, «Ертістің» жеңістер сериясына, «Оқжетпестің» жеңіліссіз сериясына тоқтау қойған осы «қызыл-ақ түстілер» болатын. Сондықтан, «Ақтөбені» бірінші айналымның сенсациясы деу орынды. 

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;