Мейвезер Головкинмен жекпе-жекке шығу үшін өз шартын айтты
![Мейвезер Головкинмен жекпе-жекке шығу үшін өз шартын айтты](https://prosports.kz/upload/news/content/file_1458884672_892244986.jpg?v=28720519)
Өткен жылдың қыркүйек айында мансабын аяқтағанын жариялаған әлемнің үздік боксшысы Флойд Мейвезер (49-0, 26 КО) рингке қайта оралуы мүмкін. Ол тіпті кездесуі мүмкін екі қарсыласының есімін атады.
ҚазАқпараттың мәлімдеуінше, олардың бірі - қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (34-0, 31 КО). Алайда Мейвезермен шығу үшін жерлесіміз Андре Уордты жеңуі тиіс.
«Мен осыған дейін де Головкин менімен жекпе-жекке шығу үшін не істеу керектігін айтқан болатынмын. Алдымен ол Уордты жеңсін. Содан кейін ғана мен онымен жұдырықтасуға дайынмын»,- деді Мейвезер.
Мейвезердің тізіміндегі екінші боксшы - WBC бойынша жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы Дэнни Гарсиа (32-0, 18 КО).
«Егер мен рингке қайта оралатын болсам, мені Дэнни Гарсия қызықтырады. Себебі ол жеңілуді білмейді және титулға ие. Егер мен онымен жекпе-жек өткізетін болсам, ол әлем чемпионы болуы тиіс», - деді Флойд Мейвезер.