русский язык
Бокс

Армандағы жекпе-жек

Армандағы жекпе-жек

Кәсіпқой бокстағы жарқын жұлдызымыз Геннадий Головкин әлемнің ең үздік боксшысы атану үшін бір-ақ қана үлкен жекпе-жек өткізу керек. Қазақстандық боксшы жұлдызды қарсылас іздеп жүр, алайда бәрі қашқалақтай береді.

Prosportkz.kz тілшісі Головкиннен «қорыққан» боксшыларды анықтап, үлкен жекпе-жектің қашан болатынын болжап көрді.   

Головкин кәсіпқой рингте 2006-шы жылдан бері жұдырықтасып келеді. Германияда төрт жыл бойы бір орында тұрған Головкин «Юниверсум»-нан кетіп, К2-мен келісімге отырғаннан бері үлкен жетістіктерге жете бастады.

Жалпы, Головкин Германияда жүріп-ақ барша әлемге танымал болушы еді, егер Феликс Штурм көп жылдар бойы Головкиннің алдын орамағанда. Головкиннен «қорыққан» боксшылардің тізімін осы Феликс Штурм бастайтыны анық. Ол Геннадийден 3-4 жыл бойы қашып, нәтижесінде өзінің WBA чемпиондық титулынан айырылған болатын. Кейін, Головкин бұл тұжырымның «суперчемпионы» атанады.

«Бокс отаны – Америка!»

Геннадий Головкинді Америкаға алып келген – Том Леффлер. Ағайынды Кличконың К2 промоутерлік компаниясының президенті Головкинді НВО арнасына жарнамалап, ресейлік Дмитрий Пирогпен түйістірейін деді. Бірақ, ресейлік боксшы жекпе-жек алдында жарақат алып, Гена польшалық Гжегож Проксамен кездесті. Бұл уақытта Пирог – WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы болған. Яғни, қазір бұл белбеу британиялық Билли Джо Сондерске тиесілі. Ал егерде Головкин НВО-дағы бірінші жекпе-жегінде Пирогты жеңсе, WBА-мен қатар WBO белбеуінің иесі болар еді.

Қазіргі таңда,Том Леффлерді әлсіз промоутер дейтіндер көп. Әрине, К2 президенті Боб Арум мен Оскар Де Ла Хойя сияқты мықты маман емес, бірақ ол Головкинді әлемге танымал қылды. Әрине, Леффлердің Головкинге үлкен жекпе-жек ұйымдастырам деп уәде беріп жүргеніне бес жылдан астам уақыт болды. Шыны керек, Головкиннің әлі де «топ» қарсыласы болған жоқ. Серхио Мартинес, Мигель Котто, Сауль Альварес, Карл Фроч, Эрисланди Лара – осы боксшылардың бәрі Головкиннің үздік болуына көп әсер тигізер еді. Бірақ біреуімен де Леффлер жекпе-жек ұйымдастыра алмады. Серхио Мартинес өзінің соңғы кездесуінде Головкиннің орнына қаржылық тұрғыда көп табыс әкелетін Мигель Коттоны таңдап, одан ұтылып қалған болатын. Котто болса мексикалық Сауль Альвареске мүмкіндік беріп, онымен кездесуден 10 миллион доллардан астам табыс тапты. Британиялық Карл Фроч болса Головкинмен жұдырықтасуға дайынмын деп жүріп кәсіпқой мансабын аяқтады. Ал бұрыннан бері Головкинді жекпе-жекке шақырып жүрген кубалық Эрисланди Лара болса әлсіз боксшыларды ұрып жүр. Жалпы, Геннадий үшін Эрисланди – жақсы қарсылас. Соңғысы Сауль Альварес пен Пол Уильямстан «күмәнді» ұтылғаны болмаса, өз салмағында (69 келі) көшбасшы боксшы. Бұл кездесуге кубалық боксшының промоутері Эль Хэймон кедергі болып жүр.

Енді сәуірде «Triple G» америкалық Доминик Уэйдпен жұдырықтаспақшы. 25-жастағы америкалық боксшы ешкімнен әлі ұтылмаған, сондықтан да оның Головкинге қарсы кeздесуі «undefeated» деп аталуда. Бірақ Головкиннен қарағанда Уэйд өте әлсіз боксшылармен жұдырықтасқан. Ал жалғыз бокс әлеміне танымал қарсыласы австралиялық Сэм Солиманды Доминик әрең жеңген екен (өте күмәнді жеңіс). Соған қарағанда Головкин Доминик Уэйдті алғашқы раундтарда-ақ құлататын сияқты. Әрине, бапкері Абель Санчес «асықпа, біраз тәжірибе жинап ал» деген нұсқау бермесе.

«Головкинге төтеп бере алатын боксшы жоқ» деген сөзді жиі естиміз. Бұл да шындық. Орта салмақ дәрежесінде Головкинге дейін жұлдызды боксшы тек аргентиналық Серхио Мартинес болған. Бірақ оның бокстан кетуіне байланысты енді Головкин өз салмағында жеке дара көш бастап келеді. Қазақстандық боксшыға қазір ең керек қарсыласы – бұл мексикалық Сауль Альварес. WBC чемпионы кезекті жекпе-жегін мамырда британиялық Әмір Ханға қарсы өткізеді. Ал содан соң WBC чемпионы қазақстандық Геннадий Головкинмен кездесуге міндетті. Кері жағдайда, Головкин WBC чемпионы атанады. Яғни, Головкиннің ең үлкен әрі табысты жекпе-жегі осы жылдың қыркүйек айында өтеді деп үміттенеміз.

Дайындаған: Қайсар ОҚАС 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;