«Снежные Барсы» фарм-клубының бас бапкері кім?
Астаналық «Барыстың» фарм-клубы «Снежные Барсы» командасына жаңа бас бапкер тағайындалды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Клубтың ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, команданы енді Ильгиз Нуриев жаттықтырады.
Ол ойыншы ретінде Сәтбаевтың «Қазахмыс», Қарағандының «Сарыарқа», Теміртаудың «Арыстан» және Петропавлдың «Кулагер» клубтарында өнер көрсеткен. Сонымен қатар Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 2017 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы атанған.
2023 жылы Нуриев «Құлагер» жастар командасын жаттықтырып, Jastar Ligasy жарысында күміс медаль жеңіп алған. Соңғы екі жылда ол Ресейдің МХЛ-дегі «Тайфун» клубын басқарды және командасын «Күміс» дивизионнан «Алтын» дивизионға шығарды.
Айта кетелік, жаңа бапкермен келісімшарт екі маусымға жасалған. Ол 2028 жылғы 31 мамырға дейін күшінде болады. Жаңартылған бапкерлік штаб пен маусым алдындағы дайындық жоспары кейінірек жарияланады.