русский язык
Бокс

Рустам Сыбаев: «Қазіргідей жағдай боксшыларда ешқашан болмаған»

Рустам Сыбаев: «Қазіргідей жағдай боксшыларда ешқашан болмаған»

«PROСПОРТ» тілшісі бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі Рұстам Сыбаймен ашық әңгімелесіп, алдағы жоспарын білді.

- Боксқа алғашқы қадамыңыз жайлы айтып берсеңіз...

- Мен боксқа 1999 жылы келдім. Негізі, бұл спорт түріне алғашында ынтам болмаған, себебі каратэмен айналысқым келді. Сол жылы менің мектебімде (Шу ауданы, Мойынқұм ауылы) бокс секциясы ашылды. Осылайша, бұл спорттағы өмірім басталып кетті. 2002 жылы отбасымызбен Қызылордаға көшіп келіп, боксты ары қарай сол жерде жалғастырдым.

- Алғашқы жекпе-жегіңіз есіңізде ме?

- Алғашқы кездесуім сол 1999 жылы болды. Шу ауданының чемпионы атандым. Бірлік деген ауылда болған, соның грамотасы әлі үйде бар. 3 жарыста  топ жарып, Жамбыл облысында үздік шықтым.

- Өзіңіз жекпе-жектеріңіздің қайталауларын көресіз бе?

- Әрине, көремін. Демалыс уақытында, боксты сағынғанда қарап отырамын.

- Бапкеріңіз жайлы айтып өтсеңіз.

- Менің бапкерім Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы -  Ғалым Байкүндиев. Ол кісіні өте қатты сыйлаймын. Дайындық кезінде де, жарыс уақытында да әрдайым біргеміз. Мені 2002 жылдан бері жаттықтырыруда.

- Осы уақытқа дейін «ең мықты кездесуім осы болды, барлық мүмкіндігімді көрсете алдым» деп айтатындай кездесуіңіз болды ма?

- Бокста оңай кездесу болмайды. Бірақ, менің ең  қиын жекпе-жегім 2010 жылы жартылай финалда Серік Сапиевпен болды. Соған қатты дайындалып, бар күшімді салып, жеңіске жеттім деп айта аламын.

- Шәкірт тәрбиелеу ойыңызда бар ма?

- Ия, бар. Туыстарымның балалары, інілерім, өзімнің болашақта ұлдарым болса, солардың барлығын спортқа баулып, дайындағым келеді.

- 2016 жылғы қарсыластарыңыз анықталды ма?

- Әзірше анықталмады. «Astana Аrlans» командасында әр салмақ дәрежесінде 3 боксшыдан бар. Спарингте бізді ірктейді, содан соң қарсыластарымыз анықталады. Алда Өзбекстанда және Пуэрто Рикода кездесулер бар. Биыл Қазақстан чемпионаты, сосын 2017 жылға іріктеу өтеді. Кім І орын алса, сол Қазақстан құрамасының бірінші нөмірлі боксшыс атанады.

- Қазақстандағы ең үздік қәсіпқой боксшы және ең үздік әуесқой боксшы деп кімді айта аласыз?

- Кәсіпқой бокста біздің жұлдызымыз және мотиваторымыз Генадий Головкинді үздік. Одан кейін Қанат Ислам ағамыз. Бауырымыз қазір WBA-да 5-орынға шықты. Ал әуесқой бокста жылдың қорытындысы бойынша Данияр Елеусінов (команда капитаны) пен Иван Дычконы айта аламын.

- Елімізде боксшылардың жағдайы қалай? Бәріне көңіліңіз толады ма?

- Қазірде Қазақстан құрамасы, «Astana Аrlans» жоғары деңгейде. Қазіргідей жағдай боксшыларда ешқашан болмаған. Жалпы, Қазақ спорты ерекше даму үстінде.

- Олимпиада лицензиясын жеңіп алу қаншалықты қиын?

- Лицензияны алу үшін көп нәрсе жасау керек. Бірінші Қазақстанның чемпионатында бірінші орын алуың қажет. Сосын, Қазақстанның құрамасында өз салмақ дәрежеңде нөмері І болуың қажет. Халықаралық жарыстарда, Азия чемпионаты, Әлем чемпионатында орын алып барып қана Олимпиадаға баруға мүмкіндік аласың.

- Ең бастысы, бокс сізге не берді?

- Өте көп нәрсе берді деп айта аламын. Ең біріншіден, тәрбие. Екінші - кез-келген уақытта өзіңді қорғай алу. «Өзіңнің атыңа жұмыс істе, кейін атың саған жұмыс істейді» деген сөз боксқа де қатысты. Бірақ, боксшы бол, атақты бол, бастық бол, әйтеуір адам болып қалуың шарт.

- Жанкүйелеріңізге айтарыңыз?

- Жанкүйерлеріме әуесқой бокста жақсы дәрежелерге жетіп, 1-2 жылдың ішінде, бұйырса, мені кәсіпқой бокста да көре аласыздар дегім келеді.

- Сұхбатқа рақмет! Алдағы уақытта сәттілік серік болсын!

Еңлік Беріш

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;