Астанада өтетін «Болашақ ойындарының» жарыс кестесі жарияланды
Биыл Астанада 29 шілде мен 9 тамыз аралығында «Болашақ ойындары» өтеді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Астанада өтетін турнир бағдарламасына киберспорт пен дәстүрлі спортты біріктіретін сегіз жарыс түрі енгізілді. Бағдарламаға фиджитал-футбол, фиджитал-баскетбол, фиджитал-шутерлер, фиджитал жекпе-жектері, фиджитал-билер, сондай-ақ MOBA Mobile, MOBA PC және «корольдік шайқас» форматтары кіреді.
Турнирге 50-ден астам елден шамамен 900 спортшы қатысады деп күтілуде. Жалпы жүлде қоры 4,75 миллион долларды құрайды.
Жарыстар елордадағы ірі спорт нысандарында өтеді. Олардың қатарында «Барыс Арена», Beeline Arena, жеңіл атлетикаға арналған «Qazaqstan» спорт кешені, «Алау» мұз сарайы және Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы бар.
Айта кетейік, алғашқы «Болашақ ойындары» 2024 жылы Қазан қаласында өткен. Кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев турнирді Астанада өткізу бастамасын ұсынған.
Қазақстанда алғаш рет ұлттық киберспорт чемпионаты ұйымдастырылады