Әділбек Мусин: басты мақсатым - жеке нәтижемді жақсарту еді
Қазақстан ерлер құрамасы жүзуден Эр-Риядтағы (Сауд Арабиясы) Ислам ынтымақтастығы ойындарында күміс медальға ие болды.
Құраманың жеңісіне үлес қосқан Әділбек Мусин жарыстан кейінгі әсерімен бөлісті.
"Барлығы ойдағыдай өтті. Құрамамен бірге күміс жүлдеге қол жеткіздік. Енді бізді соңғы жарыс күні күтіп тұр. Команда сапында 50 метр брасс, 50 метр арқамен және 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзетін спортшылар бар. Сондай-ақ еркін стильдегі 4х100 метрлік эстафета жарысына да дайындалып жатырмыз. Барша жанкүйерге көп рақмет! Ішкі сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын.
Басты мақсатым - жеке нәтижемді жақсарту болатын. Бірақ жүлде бұйырған соң қуанышымда шек жоқ.
Әрине, тағы да бірнеше медаль алуға мүмкіндік болды. Дегенмен жүзуде сәттілік жолдас болмаса қиын ғой. Әртүрлі елден келген мықты спортшылар бар. Сондықтан алда өтетін жарыста бар күшімізді саламыз", - деді Әділбек Мусин.
Айта кетейік, құрама сапында Әділбек Мусин, Максим Сказобцов, Айбат Мырзамұратов және Глеб Коваленя өнер көрсетті. Олар 4х100 метрлік эстафетада (кешенді жүзу) екінші орынға ие болған еді.