русский язык
Бокс

«Easy Work». Багама елінің батыры – Туреано Джонсон

«Easy Work». Багама елінің батыры – Туреано Джонсон
«PROСПОРТ» сайты сіздерді қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің IBF тұжырымы бойынша міндетті қарсыласы багамалық былғары қолғап шебері Туреано Джонсонмен таныстырып өтпек.
 
«PROСПОРТ» Анықтамасы:
 
Аты-жөні: Туреано Джонсон
 
Туған жері: Нассау, Багама аралдары 
 
Жасы: 31
 
Бойы: 178 см
 
Салмағы: 72 келі
 
Жекпе-жектер көрсеткіші: 19(13КО) – 1
 
 
Британиялық боксшы Билли Джо Сондерс пен мексикалық Сауль Альварестің Головкинмен төбелесуден бас тартқанына байланысты қазақстандық боксшы келесі жекпе-жегін багамалық Туреано Джонсонға қарсы өткізеді. 
 
Әрине, бокс жанкүйерлері үшін бұл жекпе-жек аса қызық емес болуы мүмкін. Себебі Джонсон аса танымал боксшы емес, бұған қоса кезінде Генадан таяқ жеген Кертис Стивенстен нокаутпен ұтылған болатын. Бірақ шыны керек, Стивенспен кездесуінде багамалық боксшы сенімді жеңіске жетіп келе жатқан, бірақ соңғы раундта ауыр соққы жіберіп, нокаутпен жеңілді. Соған қарамастан, Туреано келесі кездесулерін жеңіп, IBF белбеуіне міндетті қарсылас атағына ие болды. Ал IBF чемпионы Геннадий Головкин болғандықтан, жерлесімізге енді міндетті түрде чемпиондық атағын Джонсонға қарсы кездесуде қорғау керек. IBF Халықаралық бокс федерациясы да жақында бұл шешімді бекіткен болатын. Енді Головкин-Джонсон жекпе-жегі сәуір айында, Калифорнияның «Forum» аренасында өтуі тиіс. 
 
Жалпы, Головкин мен Джонсон өздерінің соңғы жекпе-жегін былтыр күзде өткізген. Головкин канадалық Давид Лемьені техникалық нокаутпен ұтса, Туреано Геннадийдің бокс кешінде ирландиялық О Кэйнді ұпай бойынша ұтқан болатын. Содан бері қос бокшы да әлі кездесу өткізген жоқ. Ал Головкин үшін ең маңыздысы Альварес-Котто жекпе-жегінің нәтижесі болған. Себебі, бұл айқастың жеңімпазы Головкинмен көктемде жұдырықтасуы тиіс еді. Бірақ, WBC президенті Маурисио Сүлейманның шешімімен Альварес-Головкин кездесуі кейінге шегерілді. Енді, Альварес көктемде Стивенс пен Монроны қарсылас ретінде қарастырып жүрсе, Головкин Джонсонмен жұдырықтасатын болды. 
 
Тағы бір айта кетер жайт, бұл британиялық Билли Джо Сондерстің Головкинмен кездесуден бас тартуы. Естеріңізде болса, WBO чемпиондық атағы үшін өткен кездесуде Сондерс ирландиялық Энди Лиді ұтып, WBO тұжырымы бойынша жаңа әлем чемпионы атанған болатын. Бірден, Головкиннің командасы Биллиге жекпе-жек өткізу жайлы ұсыныс жіберді. Тіпті екі миллион доллар ұсынды. Ал, жақында белгілі болғандай, Сондерстің промоутері бұл ұсыныстан бас тартты. Енді, Головкин Туреано Джонсонмен кездесуге мәжбүр. Әрине, Давид Лемьеден кейін Головкинге қарсыластардың деңгейі жоғарырақ болады деп күткенбіз, бірақ бәрі бұрынғы қалпында қалғандай. 
 
 
Туреано Джонсон кәсіпқой боксқа 2010-шы жылы келген болатын. Ал бұның алдында көп жылдар бойы әуесқой бокста өнер көрсетті. Тіпті, 2008-ші жылы өткен Олимпиада ойындарында Қытай намысын қорғаған қазақ бауырымыз Қанат Исламмен жұдырықтасып, одан оңбай ұтылған болатын. Boxrec сайтына сүйенсек, Туреано қазір орта салмақ боксшыларының тізімінде 21-ші орында келеді. 31-жастағы боксшы кәсіпқой бокста 19 кездесу өткізіп, 18 рет жеңіске жетті. Бір рет жеңілді. Нокауттар көрсеткіші – 65%. Джонсонның аса жұлдызды қарсыластары болған жоқ, жалғыз жеңілісі Кертис Стивенстен. Туреаноның жұдырықтасу стилі де өзгеше, бір қолы қорғаныста – екіншісімен шабуылдайды. Шапшаң қимылдайды деп айту қиын, қорғанысы да аса мықты емес. Головкинмен жекпе-жекте Джонсонның еш мүмкіндігі жоқ. Басты сұрақ – Головкиннің қай раундта жеңіске жетуі. Бірақ, Джонсон IBF тұжырымы бойынша Головкиннің міндетті қарсыласы болған соң, Геннадий онымен жұдырықтасуға тиіс. Бұған қоса, қазақстандық боксшы үшін басқа қарсылас та табылмады. 
 
«Головкинмен төбелесуге ниеттімін. Иә, Головкиннің командасымен келіссөздер жүруде. Геннадийді ұта алатынына сенімдімін. Мен өз атымды бокс тарихында қалдырғым келеді», - деп айтты соңғы сұхбаттарының бірінде Джонсон.  
 
Дайындаған: Қайсар ОҚАС
 
Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;