Асхат Тағыберген жанкүйерді бірге-бір шығуға шақырды

Кеше, 20 шілдеде ҚПЛ-дың 17-турында «Тобыл» «Ақтөбеге» қонаққа барып, кездесу 0:0 есебімен тең аяқталды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Турнирлік кестеде қатар келе жатқан қарсыластардың бұл ойынына көңілі толмаған жергілікті жанкүйерлер матч соңында түрлі сөздер айтып, бұл қостанайлық ұжым футболшысы Асхат Тағыбергеннің шамына тиеп кетті. Ашуға бой алдырған аяқдоп шебері жанкүйерді «Бірге-бір келші, келе алмайсың ғой» деді. Осы сәттің видеосы желіде тарап, оқырман арасында қызу талқыға түсті. Кейбірі Тағыбергенді жақтауға тырысса, енді бірі кәсіби футболшының өзін-өзі бұлай ұстауы дұрыс емес деп жатыр.
Жалпы, Асхат бұған дейін де жанкүйерлермен сөзге келіп қалатын. Былтыр ол «Ордабасы» сапында ойнап жүргенде де өзін балағаттан жанкүйерді алаңнан тыс жерде сөйлесуге шақырған. Бұл жайт та қызу талқыға түсіп, кейін футболшы мәселенің мән-жайын түсіндіріп берген еді.
Айта кетейік, «Тобыл» турнирлік кестеде 35 ұпаймен үшінші орында келе жатыр, ал «Ақтөбе» 33 ұпаймен төртінші сатыда тұр.