Дэйна Уайт: «Порьенің есімі UFC Даңқ залында болуы әбден мүмкін»

UFC президенті Дэйна Уайт Дастин Порьенің болашақта ұйымның Даңқ залына енуі мүмкін екенін айтты, деп жазады Prosports.kz.
Жексенбіге қараған түні Нью-Орлеанда өткен UFC 318 турнирінің басты жекпе-жегінде Порье отандасы Макс Холлоуэйден төрешілердің бір ауыз шешімімен жеңіліп қалды. Бұл — Порьенің мансабындағы соңғы айқас.
— Керемет жекпе-жек болды. Соңғы раунд алдында есеп одан да жақынырақ деп ойладым. Ол өзінен күткен үмітті толық ақтады.
Порье UFC Даңқ залына енеді ме? Оның соңғы 11 қарсыласына қараңыздаршы – мықтылардың бәрімен айқасты. Онымен жұмыс істеу әрдайым оңай болған. Иә, бұл әбден мүмкін, — деді Уайт баспасөз мәслихатында.
— Мен ешқашан спортшының мансапты аяқтау туралы шешіміне араласпаймын. Бұл – өте ауыр спорт. Бүгінгі жекпе-жек те оңай болған жоқ. Оқиғаның барысына қарасақ, мансапты аяқтау – дұрыс шешім сияқты, — деді ол.
36 жастағы Порье октагонда 30 жеңіс, 10 жеңіліс тіркеген. Тағы бір жекпе-жегі өткізілмеген деп танылған. Бұған дейін ол жеңіл салмақта UFC-дің уақытша чемпионы атанған.