Абай Маңғысбаев «Барыс» сапында дебют жасауы мүмкін
«Номад» шабуылшысы Абай Маңғысбаев «Барыс» құрамында «Нефтехимикке» қарсы ойында дебютін өткізуі мүмкін, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Sport+ сайтына сілтеме жасап.
Астаналық клуб Татарстан командасына қарсы матч алдында арнайы анонс жариялады.
«Нефтехимик» пен «Барыс» Нижнекамскіде үш күн ішінде екінші рет кездеседі.
Дүйсенбі күні Континенталды хоккей лигасындағы 1000-шы матчын атап өткен алаң иелері «Нефтехим Аренада» 4:1 есебімен жеңіске жетті. «Нефтехимиктің» голдарын Никита Хоружев, Владимир Брюквин, Евгений Митякин және Богдан Киселевич соқты. Қақпашы Филипп Долганов 26 соққыны қайтарды. «Барыс» сапында Батырлан Мұратов бір шайбамен көзге түсті. Бұл 81-ші нөмірлі ойыншының ағымдағы маусымдағы алғашқы голы. Никита Бояркин 20 соққыны қайтарды. Ойыннан кейін Олег Леонтьев командаға Брюквин мен Ди сияқты ойыншылардың қайта қосылуы сенім мен қуат әкелгенін айтты. Ал Ғалым Мамбеталиев команда қалыпқа келіп жатқанын, фарм-клубтан келген ойыншылар тәжірибе жинап жатқанын атап өтті.
«Нефтехимик» 26 матчта 24 ұпай жинады. Ал «Барыстың» 24 ойында 14 ұпайы бар. «Барыс» клубы жасаған мәлімдемеде кешкі матчта Абай Маңғысбаевтың КХЛ-дегі дебюті болуы мүмкін екені айтылады.