русский язык
Басқа

Қазақстан пара волейболшылары аса тартысты ойында Паралимпиада чемпионына жол берді

Қазақстан пара волейболшылары аса тартысты ойында Паралимпиада чемпионына жол берді

Париж қаласында XVII Жазғы Паралимпиада ойындарында волейболды отырып ойнаудан Қазақстан ұлттық құрамасы екінші матчын өткізді.

Бұл жолы 12 жылдан бері құраманы жаттықтырып келе жатқан Бауыржан Тахауов шәкірттеріне Паралимпиада ойындарының үш дүркін жеңімпазы, бұдан бұрын Токиода қола алған Босния және Герцеговина құрамасы тап келді.

Бірінші партияда қазақстандықтар қарсыласын төрт ұпай айырмашылығымен алға жіберіп алғанымен, шабуылшы Пердебай Намұратов, команда капитаны Бауыржан Сартаев, Нұртай Мұхамбетқалиев, Ерболат Алтаев, Ерік Қасқабаев, 18 жастағы Ерасыл Әбдібек сияқты жігіттердің күшімен қуып жетті. Тіпті 23:21 есебімен алда тұрды. Алайда сет соңында сәтті ойнай алмады – 24:26.

Екінші сетте құрамында тісқаққан, атақты ойыншылары көп босниялықтар 11:5 есебімен алға кетті. Олар сол қарқынын жоғалтқан жоқ – 25:13.

Үшінші кезеңді серпінді бастаған қазақстандықтар 17:5 есебімен алға шықты. Сол басымдылықты жіберген жоқ – 25:14.

Төртінші партия ортасына таман Қазақстан құрамасы таразы басын теңестірді – 11:11. Содан соң бұл кезеңді өз пайдасына шешті – 25:20.

Шешуші, бесінші кезеңде босниялықтар 5:1 есебімен алға кеткеннен кейін Қазақстан құрамасы үзіліс алды. Есеп сәл қысқарды – 3:5. Бірақ босниялықтар күш алып кетті – 15:8. Қорытынды есеп: 3:2, Босния және Герцеговина пайдасында. Дегенмен бұл ойында қазақстандықтар бір ұпай еншіледі.

Араға 28 жыл салып, Паралимпиада ойындарына қатысып жатқан Қазақстан енді 2 қыркүйекте Мысыр құрамасымен сынға түседі. Әр топтан екі үздік команда жартылай финалға шығатынын ескерсек, әлі мүмкіндік бар.

Түпнұсқасы: inform.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;