русский язык
Басқа

Александр Ким Нариман Курбановтың Париж Олимпиадасындағы көрсеткішіне баға берді

Александр Ким Нариман Курбановтың Париж Олимпиадасындағы көрсеткішіне баға берді

Спорттық гимнастикадан Қазақстан командасының бас бапкері Александр Ким отандық гимнастардың Париж Олимпиадасындағы көрсеткішін қорытындылады, деп жазады Olympic.kz

«Нариманның жүлдесі Қазақстан гимнастикасындағы тарихи медаль деп айтсам, артық емес. Тәуелсіздік алғалы бері аталған спорт түрінен алғаш рет Олимпиада медалін иелендік. Курбанов ұлттық құрамаға жеті жыл бұрын қабылданды. Осы уақыт аралығында оның өсіп-жетілуіне құрамадағы көптеген маман атсалысты. Милад Каримидің әлемдік жарыстарда көзге түскені де отандық гимнастарға серпін берді. Сондықтан, бұл медаль бәрімізге ортақ деп айтамын.

Олимпиадаға қайта оралсам, Нариманның жаттығуды бірінші орындағаны көп көмек болды. Өйткені, жаттығуды бірінші орындау біздің спортшыға психологиялық тұрғыдан оңай еді. Қарсыластарының ұпайын көрмегені оның жаттығуды таза әрі сапалы орындауына әсер етті. Курбанов іріктеуде өзінің базалық қиындығын толық көрсетпей, финалға алтыншы орынмен өтті. Қуанышқа қарай, ақтық сында қателік жібермей, бәрін таза алып шыққаны Олимпиаданың жүлдесін қоржынға салып отыр.

Олимпиада – нағыз шайқас. Мұнда шеберліктен бөлек, жүйкенің мықтылығы да үлкен роль ойнайды. Нариман Курбанов біздің спортшылардың да Олимпиада тұғырына лайық екенін көрсетті. Оның жетістігі жас өрендерге жігер берері сөзсіз», - дейді бас бапкер.

Айта кетелік, Париж Олимпиадасында қазақстандық Нариман Курбанов тұтқалы ат снарядындағы жаттығудан күміс медаль жеңіп алған болатын.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;