русский язык
Теннис

Париж-2024: Новак Джокович алғаш рет Олимпиада ойындарының финалына шықты

Париж-2024: Новак Джокович алғаш рет Олимпиада ойындарының финалына шықты

Сербиялық теннисші, «Үлкен дулыға» турнирлерінің 24 дүркін чемпионы, әлемнің 2-ракеткасы Новак Джокович жекелей сында Олимпиада ойындарының финалына шықты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Атақты теннисші жартылай финалда әлемнің 16-ракеткасы, 22 жастағы италиялық Лоренцо Музеттиді 6:4, 6:2 есебімен тізе бүктірді.

Осылайша, Н.Джокович өз спорттық жолында алғаш рет Олимпиада ойындарының финалына өтті. Бұған дейін ол Бейжің, Лондон, Токио Олимпиадаларында жартылай финалдан аса алмаған еді. Тек Бейжіңде қола медаль алған Новак енді соңғы бәсекеде әлемнің 3-ракеткасы, 21 жастағы испаниялық Карлос Алькараспен чемпиондық атақты сарапқа салады.

Биыл шілдеде Джокович пен Алькарас Уимблдон финалында кездесіп, онда испаниялық спортшы жеңіске жеткен еді.

К.Алькарас жартылай финалда канадалық Феликс Оже-Альяссимді 6:1, 6:1 есебімен ойсырата ұтты.

Әйелдер арасында қола жүлдені әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентек жеңіп алды. Ол словакиялық Анна-Каролина Шмидлованы оңай ұтты – 6:2, 6:1. Алтын үшін қытайлық Чжэн Циньвэнь мен хорватиялық Донна Векич таласады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;