русский язык
Басқа

Сафронова, алғашқы қарсыластар және Джокович: бүгін Париж ойындарының алауы жағылады

Сафронова, алғашқы қарсыластар және Джокович: бүгін Париж ойындарының алауы жағылады

Бүгін көптен күткен Париж Олимпиадасының ашылу салтанаты өтеді. Ресми түрде алауын жағатын жазғы ойындарға Қазақстан командасы да үлкен дайындықпен келді. Қазіргі таңда отандық делегация олимпиадалық ауылға жайғасып, алғашқы аптада жарыс жолына шығатын спортшылар Парижге ат басын тіреді. Осы орайда, Olympic.kz ашылу салтанаты қарсаңындағы команданың жай-күйін назарларыңызға ұсынады.

Ашылу салтанатында Қазақстанның көк байрағын көтеріп шығатын спортшылардың бірі – Ольга Сафронова. Осымен төртінші Олимпиадасына қатысатын жеңіл атлет үшін биылғы ойындардың ерекшелігі көп болмақ.

«Париж Олимпиадасында маған жанкүйер болу үшін ата-анам арнайы келеді. Бұл мен үшін қуанышты жайт. Олар билет сатып алды. Менің жарыс жолына шыққан сәтімді тура стадионнан көрмекші.

Одан бөлек, маған Олимпиаданың ашылу салтанатында еліміздің туын көтеріп шығу бақыты бұйырды. Бұл - үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Бапкерлерім жаттығуды таңғы уақытқа қойыпты. Ал кешкісін ашылу салтанатында Асланбек екеуміз команданы бастап шығамыз. Туды табыстау рәсімінің алдында Шымбергеновпен танысып, әңгімелесіп үлгердік.

Шыны керек, бұл салтанатты шара менің дайындығыма еш әсерін тигізбейді. Жарыс кестесі бойынша, мен 4 тамызда сынға түсемін. Оған дейін «Стад де Франс» стадионының негізгі алаңында дайындалатын мүмкіндік те болады.

Ашылу салтанатына тігілген көйлекті әлі киіп көрмедім. Бірақ оның қандай екенін жақсы білемін, өлшем алған кезде бәрі сәтті болды», - дейді жеңіл атлет.

Күн сайын Парижге қазақстандық спортшылар ұшып келіп жатыр. Олардың басым бөлігі олимпиадалық ауылға орналасуда. Бірақ атлеттер арасында олимпиадалық ауылдан тысқары жерге жайғасанқандар да бар.

«Әлемдік спорт жұлдыздары, футбол, баскетбол командалары олимпиадалық ауылға келе бермейді. Оның себебі де жоқ емес.

Мәселен, Новак Джоковичті алайық. Әйгілі теннис жұлдызы олимпиадалық ауылға 1-2 рет келгеннің өзінде, оны спортшылар қаумалап, суретке түсіріп, аяғын жерге тигізбеді. Ал бұл спортшының демалуына, дайындалуына, бар назарын тек ойынға аударуына кері әсер етеді. Сондықтан, олардың олимпиадалық ауылда тұрмағанына тек түсіністікпен қарау керек. Бүгінде Джокович бөлек қонақүйде тұрады.

Қазақстандық спортшылар арасында да олимпиадалық ауылдан тысқары жерде орналасқандар бар. Олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Кейбір атлеттеріміз өздерінің жеке жаттығу жоспарына байланысты бөлек тұру туралы шешім қабылдады», - дейді Қазақстан ҰОК спорт Департаментінің басшысы Бектұр Қиятбай.

Бүгінде олимпиадалық ауылдағы жағдай бір арнаға түсіп келеді. Әсіресе, алғашқы күндері кездескен кішігірім мәселелер дереу шешімін табуда.

«Тамақтану тұрғысынан алғашында аздаған проблемалар болды. Тағамды санау, логистика бойынша туындаған сауалдар 10-15 минут көлемінде шешіліп жатыр. Олимпиадалық ауылға өте үлкен көлемде қонақтар келетіндіктен, алғашқы күндері мұндай жайттардың кездесетіні де орынды. Қазір бір бір қалыпқа түсіп келеді.

Бүгінде олимпиадалық ауылда он мыңнан аса адам тұрады. Олар кесте бойынша бір уақытта жаттығудан оралып, түскі асқа барады. Кейбір салмақ қуатын спортшылар тамақты аз жесе, марафонға қатысатындар керісінше, көбірек тамақтануға тырысады.

Ал біздің спортшылар, әсіресе, боксшы жігіттеріміз үнемі өздерімен бірге қазы-қарта алып жүреді», - дейді отандық атлеттердің Олимпиадаға алаңсыз дайындалуына жағдай жасап жүрген ҰОК өкілі.

Биылғы олимпиадалық ауылдың басқалардан басты ерекшелігі де жоқ емес. Әсіресе, Токио Олимпиадасына да қатысқан спортшылар мұнда шектеулердің жоқтығына ерекше қуанышты.

«Париж ойындарына қатысып жатқан спортшылар арасында Токио Олимпиадасында бақ сынаған атлеттер жетерлік. Олар үшін Олимпиаданың ешқандай шектеусіз өтіп жатқаны үлкен бақыт. Себебі, мұнда керемет атмосфера орнаған. Құдды үлкен мерейтой секілді, спортшылар бір-бірімен шүйіркелесіп, алаңсыз жаттығып, пандемия кезіндегідей емес, еркін тыныстауда.

Олимпиадалық ауыл тәулік бойы ашық тұрады. Десе де, спортшылар тәртіптің, режимнің адамы болғандықтан, әрбірі уақытылы ұйықтап, уақытылы жаттығуына қатысады», - дейді Бектұр Қиятбай.

Жекпе-жек түрлерінен Олимпиада жеребесі тартылып, қазақстандық боксшылар мен дзюдошылардың алғашқы қарсыластары анықталды. Olympic.kz екі спорт түрі бойынша жеребе тарту рәсімінің қорытындысын бірден назарларыңызға ұсынған болатын.

Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов кез-келген қарсыластың қауіпті екенін айтты.

«Бұл – Олимпиада ойындары. Әрбір қарсылас іріктеліп, үлкен дайындықпен келген. Оңай қарсылас жоқ. Сол себепті, әрбір жекпе-жек біз үшін финалға пара-пар. Біз екінші, үшінші кездесу қиын болады деп қарастырмаймыз. Бір бірінші жекпе-жектен бастап тас түйін дайын шығамыз», - деді бас бапкер.

Боксшылар арасынан алғаш болып Мұхамедсабыр Базарбайұлы шаршы алаңға шықса (63,5 келі), дзюдодан алғашқы күні татамиге Абиба Әбужақынова (48 келі) мен Елдос Сметов (60 келі) шығады.

Ашылу салтанаты бүгін, Астана уақытымен 22:30-да басталады. Тікелей көрсетілімді Qazaqstan, Qazsport, Jibek Joly және "Хабар" арналарынан тамашалай аласыздар.

Фото: Сали Сабиров, Тұрар Қазанғапов

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;