русский язык
Бокс

Боксшы қыздарымыз да жүлдеге таласа алады – Ұлттық құраманың бас бапкері

Боксшы қыздарымыз да жүлдеге таласа алады – Ұлттық құраманың бас бапкері

Бүгінгі таңда бокстан Қазақстанның ерлер құрамасы мен әйелдер құрамасы Парижде шешуші оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Бапкерлердің айтуы бойынша шәкірттері жарысқа тас-түйін дайын.

Бүгін бокстан әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалинге арнайы қоңырау шалып, бұрымды боксшыларымыздың дайындығы туралы сұрап-білген едік.

«Парижге келгенде Франциядағы Қазақстан елшілігінің өкілдері күтіп алды. Қонақ үйге дейін жеткізіп, қолұшын берді. Жалпы, ҚР Туризм және Спорт министрлігі, ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті, сондай-ақ, ҚР Бокс федерациясы тарапынан барлық қолдау көрсетіліп жатыр. Боксшыларымыздың Олимпиадаға дайындалуына бар мүмкіндіктер жасалды. Біз Парижге келгенге дейін арнайы жоспар бойынша оқу-жаттығу жиындарын жоғары деңгейде өткізіп келдік. Ал кеше Парижде алғашқы жаттығуымызды бастадық. Бәрі өзіміз ойлағандай, жоспар бойынша өтіп жатыр. Енді, 25 шілде күні болатын жеребені күтіп отырмыз. Қарсыластарымыз сол күні белгілі болады», - деп атап өтті бас бапкер Елдос Сайдалин.

Сонымен қатар, Париж Олимпиадасында өзі баптайтын шәкірттерінің жүлдеге таласуға толық мүмкіндігі бар екенін де жасырмады.

«Олимпиада ойындарына ешкім жеңілемін деп келмейді. Барлық спортшының басты мақсаты – қарсыласын ұтып, жеңіс тұғырынан көріну. Өздеріңіз білесіздер Париж Олимпиадасына әйелдер құрамасынан 50 келіде Назым Қызайбай, 57 келі салмақта Карина Ибрагимова және 75 келі салмақта Валентина Хальзова жолдама жеңіп алды. Үшеуінің де жүлдеге таласуға мүмкіндігі бар. Бұл боксшыларымыз өздерінің мықтылықтарын дәлелдеп, Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алып отыр. Парижда да барын салып жүлдеге таласа алады», - деді бас бапкер

Түпнұсқасы: Inform.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;