русский язык

Виктор Кумыков: Бәрін эпизодтар шешеді

Виктор Кумыков: Бәрін эпизодтар шешеді

Қызылордалық «Қайсар» OLIMPBET QFL Премьер-лигасының биылғы маусымында бірнеше мәрте ұшу аймағында болса да, қазіргі сәтте турнир кестесінің 8-ші орынында тұр. Олар көшбасшыдан небары 5-9 ұпай ғана артта келеді. 14-ші турда команда өз алаңында «Елімайды» қабылдайды. Осы орайда «Қайсар» ФК бас бапкері Виктор Кумыков команданың қазіргі жағдайы мен маусымдағы мақсаты бойынша QFL.KZ сайтына сұхбат берді.

- Виктор Балютович, «Қайсар» клубы OLIMPBET QFL Премьер-лигасының биылғы маусымында бірнеше мәрте ұшу аймағында болса да, қазіргі сәтте турнир кестесінің ортасында келеді. Команда екінші айналымда тұрақты нәтиже көрсете ала ма? Әлде сіздер үшін бастысы ұшып кетпеу ме?

- Маусым басында біз бастапқы үш матчта есе жібердік. Оған әртүрлі себептер әсер етті. Негізгісі - кадрлық мәселе. Руслан Юденков, Думан Нәрзілдаев, Айбар Жақсылықов командаға кеш қосылып, толық дайын болмады. Бұл ойыншылар негізгі құрамда доп тебеді. Иован Паевич пен Горан Милойко визаны уақытында ала алмады. Ал Шохназар Норбеков пен Тоқтар Жанқылышбай жарақат алып, оқу-жаттығу жиынын 1 ай өткізіп алды. Валерий Громыко тек үшінші турда қатарға қосылды. Бұл футболшылар жүйені құрайды.

- OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 14-ші турының орталық матчында «Қайсар» өз алаңында «Елімайды» қабылдап, жеңіске жетсе, турнир кестесінде ТОП-5 клубтың қатарына кіреді. Бұл ойынға дайындық қалай өтуде? Андрей Карповичтің шәкірттерін тоқтата аласыз ба?

- Дайындық жоспардағыдай өтуде. Өкінішке қарай, жарақат алғандар бар. Жеңіске жету үшін, бізде күш, ниет, сәттілік жеткілікті деп ойлаймын.

- OLIMPBET QFL Премьер-лигасының биылғы маусымында турнир кестесі жиі өзгеріске ұшырауда. Сіздің ойыңызша, бұған не себеп әсер етті? Чемпиондық атақ үшін фавориттерді айта беруге бола ма?

- Фавориттер әрине бар. Командалардың деңгейі теңесті. Сондықтан да турнир кестесі біркелкі. Барлығын эпизодтар шешеді. Орындаушы шеберлігі жоғары командалар жеңіске жетеді. Бірақ айқын басымдылық ешқайсысында жоқ.

- Кей сарапшылар сіздің клубыңызды қорғаныста ойнайды деп айтады. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе? Әлде қызылордалықтардан шабуылға басымдылық беретін ойынды күтейік пе?

- Басты акцентті қорғанысқа беріп, футболдағы балансты ұстануға тырысамыз. Кейде жағдайға байланысты түпкілікті өзгерту де жасауға тура келеді.

- OLIMPBET QFL Премьер-лигасының екінші айналымы басталмас бұрын, команданың үздік сұрмергені Валерий Громыкомен қош айтыстыңыздар. Бұл «Қайсар» үшін жақсы емес шығар? Әлде трансфер кезінде клубты күшейтесіздер ме?

- Әрине, Громыконың орны білінеді. Бірақ маусымның соңына дейін бізде қалдыруға ешқандай нұсқа болмады.

- Өкінішке қарай, «Қайсар» 1XBET QFL Лига кубогының жартылай финалына шығу мүмкіндігінен айырылды. Жағымсыз нәтижеге не әсер етті? Жалпы жаңа турнирге қандай баға бересіз?

- 1XBET QFL Лига кубогы турнирінің пайда болуын оң бағалаймын. Бұл турнир алаңға аз шыққандар үшін ойын тәжірибесін арттыруға жақсы мүмкіндік. Екі бірдей турнирде нәтиже көрсетуге күшіміз жетпейді. Бірақ бұл уақытша ғана құбылыс деп есептеймін.

- «Қайсар» 1ХВЕТ QFL Бірінші лига және QFL Екінші лигасына жастарын қосып жатқан жалғыз команда. Жас футболшылардың ойынын қалай бағалайсыз? Олардың арасында негізгі құрамда доп тебе алатындар бар ма?

- Біз жас футболшыларды негізгі команданың жаттығуына шақырамыз. Оқу-жаттығу жиынына шақырып, әрқайсысын бақылаймыз. Арасында үміт күттіретін ойыншылар бар. Олардың басым көпшілігі өздерін көрсете алады деп үміттенемін. Бастысы, шыдамдылығы жетіп, құлшынысы болса болды.

- Виктор Балютович, сіз Қазақстан тарихында отандық клубты еурокубокқа шығарған алғашқы бапкерсіз. Осы жылы «Ордабасы», «Астана», «Ақтөбе» және «Тобыл» клубтары еурокубоктың іріктеу кезеңдерінде бақ сынайды. Біздің командалардан үміт бар ма?

- Еурокубокта ел намысын қорғайтын клубтарға үнемі сәттілік тілеймін. Барлық қатысушылар - еліміздің үздіктері. Құрам да жаман емес. Сондықтан барлығының мүмкіндіктері бірдей деп санаймын.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;