русский язык

Мадияр Кембілов: Румыниямен ойынға барлық тұрғыдан дайынбыз

Мадияр Кембілов: Румыниямен ойынға барлық тұрғыдан дайынбыз

Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Мадияр Кембілов ЕУРО-2025 іріктеу кезеңіндегі Румынияға қарсы матч туралы пікірін білдірді:

– Ойынға дайындығымыз жақсы өтті. ҚФФ басшылығына барлық жағдайымызды жасағанына алғысымды білдіремін. Команда ішіндегі атмосфера жақсы. Футболшылар өзара жақсы тіл табысып кетті. Дайындық жоспар бойынша өтіп жатыр.

– Команда құрамы қалай жасақталды? Барлық ойыншы қатарда ма?

– Қатарға капитанымыз Юлия Мясникова қосылды. Өздеріңіз білетіндей, жарақатына байланысты Арменияға қарсы екі матчқа қатыса алмады. Қазір командамен бірге. Өкінішке қарай, Қазақстан чемпионатында БИІК-тің екі ойыншысы Ксения Хайруллина мен Алина Лозукова жарақат алды. Дегенмен өзге қыздарымыз бабында. Мүмкіндіктерін пайдаланатын уақыты келді. Бәрі жақсы болады деп сенемін.

– Өз алаңымыздағы соңғы матчты өткіземіз. Ойыннан не күтесіз?

– Ойыннан көп нәрсе күтеміз. Ұпай алуымыз қажет. Оның үстіне, өз алаңымызда ойнаймыз. Жанкүйерлер, ойыншыларымыздың туыстары келеді. Қыздар үшін үлкен жауапкершілік бар. Алдағы ойынға рух пен жігермен шығып, айқаста жеңімпаз атануға тырысамыз.

– Қарсылас туралы не айтасыз?

– Румынияның ойыншылары Еуропаның белді чемпионаттарында өнер көрсетеді. Топтың көшбасшы командасы. Бірақ біз өз алаңымызда ойнаймыз. Сондықтан әр жанкүйердің қолдауының арқасында жеңіске жетеміз деп сенемін.

– Румынияға қарсы алғашқы ойында минималды есеппен жеңіліс таптық. Матчтан кейін қателікпен қандай жұмыс істелді?

– Бірінші ойында жеңіліс таптық. Бірақ көп жұмыс атқарылды. Алдағы ойында нәтижесін көрерміз. Қосымша жоспарымыз да бар. Сол себепті қазір бәрін айтудың қажеті жоқ шығар. Ойынға барлық тұрғыдан дайындалдық. Менталды жағынан да, психологиялық тұрғыдан да дайынбыз.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;