русский язык
Әлем футболы

Ванга ма? «Көріпкел қой» Желіде жұлдызға айналды

Ванга ма? «Көріпкел қой» Желіде жұлдызға айналды

Еуропа чемпионатының матчтарына болжам жасап жүрген қой желіде жұлдызға айналды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі «Екінші Тайм» сайтына сілтеме жасап.

TikTok желісінде Еуро-2024 матчтарына қой болжам жасап жүр. Ширек финалдағы барлық жеңімпазды дәл тапқан. Матч алдында екі шелекке шөп салынып, әрқайсына ойнайтын құрамалардың туы қойылады. Қой қай елдің шелегінен шөп жесе, сол жеңеді деп болжанады.

Осылайша, «көріпкел-қой» ширек финалда Испания, Франция, Англия және Нидерланд жеңетінін дәл тапқан. TikTok-та қойдың болжамдары жүз мыңнан аса қаралым жинайды. Мысалы, Испания – Германия ойынына болжамды 330 мың қолданушы көріп, 500-ден аса пікір қалдырған.

Еуро басталғалы мұндай контентті блогер Ерғанат Бөкей түсіріп жүр. Өзіне хабарласып, «көріпкел қой» туралы сұрадық.

«Болжам жасайтын қойды Қатардағы әлем чемпионатында бастаған едік. Ол кезде бәрін дәл тапқан еді. Сенсация жасайтын Марокконың матчтарына дейін анық көрсетті. Ол кезде әлем көріп, 4-5 миллион қаралымға дейін жетті. Финалда да Аргентина жеңіп, Месси кубок көтеретінін дәл тапты», – дейді ол.

Сондықтан Ерғанат Еурода да сондай болжам жасауды жөн көріпті.

«Қатардағы қой мен қазіргі қой екітүрлі. Бұл да өзімнің қойым емес. «Нұрдәулет» деген мал базары бар, сол жақтан келісіп қойып таптым. Плэй-офф кезеңінен бастадым. 1/8 финалдағы ойындарға болжам жасай бастадық. Қой қателеспеді. Бәрін дерлік тапты. Түркия аутсайдер болса да, Австрияны жеңетінін болжап берді», – дейді блогер.


«Көріпкел қой» тек бір мәрте қателескен. Словения мен Португалия матчында Криштиану Роналдудың құрамасы жеңіледі деп «болжаған» екен. Бірақ Португалия жеңіп кетті. Онда да пенальти сериясында басым түскен еді.

«Бұл жерде мақсат ақша табу емес, әрине. Жәй қызық үшін. Оның үстіне, TikTok-қа Қазақстан деген хэштегпен шығарамын. Шетелдегілер де көрсін деп. Себебі әлем қызық көреді. Сегізаяқ Паульдан басталған сән ғой, қазір орангутан шығып жатыр дегендей. Бұл да бір медиа үлесі ғой», – дейді Ерғанат Бөкей.

Желі қолданушылары да қойдың «тапқырлығына» тәнті болып жатыр. Қателессе соғымға жіберу керек деп әзілдейді.

«Ванга қой», «Қойды соймаңдар, мықты екен», «Қойды сатып аламын», «Қойыңнан сұрашы, Еуроны кім жеңеді екен?», – деп әзілдесіп жатыр.

Айта кетейік, бүгін Еуропа чемпионатының жартылай финалы өтеді. Испания – Франция матчында алғашқы финалисті анықтаймыз.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;