русский язык

Асхат Сейсембек: Менің басты ұстанымым – клуб мүддесі үшін жұмыс істеу

Асхат Сейсембек: Менің басты ұстанымым – клуб мүддесі үшін жұмыс істеу

«Ордабасының» президенті Асхат Сейсембек клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында команданың еурододаға дайындығы, жаңа ойыншылар алу және балалар орталығы жұмысы жайлы айтып берді.

- Клубтың президенті қызметіне келгеніңізге бір жарым айдан асты. Осы уақыт ішінде қандай жұмыс атқарылды?

- Мұндай аз уақыт ішінде түбегейлі өзгеріс жасау мүмкін емес. Дегенмен құрылымдық жүйеге тәуекелге бармай аз-аздан өзгеріс енгізіп жатырмыз. Маңыздысы, балаларға футболмен шұғылдануға жағдай (шәкіртақы, жатын орын, тамағы) жасап, балалар орталығы жаттықтырушыларының айлығын көтеруді қолға алдық. Мұның бәрі Шымкент футболының дамуындағы маңызды қадамдар.

Бұған қоса, бас бапкермен жұмыс жайлы көп сөйлесеміз. Үнемі футболшылар жайлы ойымызды ортаға салып, арамыздағы байланысты нығайтып жатырмыз.

- Бірер күннен кейін еурокубок ойындары басталады. Команда қаншалықты дайын?

- Қазір команда жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Жігіттердің бойында сенімділік пайда болды. Оның үстіне, жұмыс істеу үшін бар жағдай жасалып жатыр.

Еурокубоктың басталуын асыға күтіп жүрміз. Бұл клуб тарихындағы жаңа тарау. Ал дайындықты алдағы текетірестің нәтижесі көрсетеді.

Жігіттер клубтың ғана емес, бүкіл қазақ футболының намысын лайықты қорғайтынына сенімдімін.

- Трансфер турасында: «Ордабасы» қай бағытта жұмыс істеп жатыр?

- Қазір маусымның бел ортасына келдік. Ал команда құрамы жыл басында құрылды.

Күшейтуді қажет ететін екі позиция болды. Қақпашылар шебі мүлдем жоқ еді. Сондықтан тез арада жарты жылға тәжірибелі қақпашыны іздедік. Мұндай аз уақытқа келісетін ойыншылар аз. Оларды іздеп табу одан да қиын жұмыс. Десе де осындай шешім арқылы тез әрі қиындықсыз қақпашылар шебін жабуға тырыстық.

Клубтың трансферлік саясаты өзгерді. Келесі маусымда мүлдем басқаша болады. Ал қазіргі таңда маусымның бел ортасы болғандықтан, «көрпемізге қарай көсілуге» тура келеді.

Қорғаныс шебін де күшейту керек болып, жарты жылға тәжірибелі әрі мықты қорғаушыны алдық. Екі ойыншының да еурододадағы тәжірибесі мол.

Мықты шабуылшы керек деп көп естіп жатырмын. Бірақ дәл қазіргі сәтте команда тізімінде 6 бірдей шабуылшы бар. Сондықтан бір ойыншы кеткен жағдайда орнына басқа шабуылшы алуға дайынбыз. Бір ескереті жайт, асығыстыққа жол беріп, бос трансфер жасаудан аулақпын.

- «Ордабасыға» келген бір жарым айда жұмыстан қандай әсер алдыңыз? Қандай қорытынды жасадыңыз?

- Менің жеке әсерім ешкімге қызық емес шығар (күліп). Бірінші күннен маңызды тапсырмаларды шешуге тырысып келеміз. Кейбір сәтте жұмысқа бірден білек сыбана кірісіп кетсек, екінші бір жұмысқа келгенде сәл тоқтап қалып жатырмыз. Не десе де, ұжым өте еңбекқор. Оның үстіне, кез келген жаңадан келген басшыға жағдайда өздігінше қарайды. Менің басты ұстанымым – клуб мүддесі үшін жұмыс істеу.

- Жақын аралыққа қойылған клубтың басты мақсаты қандай?

- Мақсатымыз айқындалған. Чемпиондықты қорғап, еурододада жақсы нәтиже көрсету.

- Клубтың инфрақұрылымдық базасын жақсарту үшін қандай шаралар қолданылып жатыр?

- Қала басшылығы клуб жан-жақты қолдау көрсетіп, бірте-бірте инфрақұрылымдық проблемалары шешіп жатыр.

35 мың көрерменге арналған стадион құрылысы басталды. Бұл стадион «Ордабасының» үйі ғана болып қоймай, бүкіл ел футболының мақтанышына айналатынына сенімдімін.

Сондай-ақ клуб базасын құрылысы жоспарда бар. Екі футбол алаңы мен тұрғын үй жайы болады.

- Клуб академиясын дамыту мен жас таланттарды қолдау бойынша қандай жоспар бар?

- Қазір клуб құрылымында бар талантты ойыншылардың потенциалын ашу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Оның ішінде методикалық тұрғыдан ауқымды өзгеріс болып жатыр. УЕФА және футбол федерациясының түрлі курстарына бапкерлерімізді оқыту - негізгі мақсатымыз.

Түпнұсқасы: fcordabasy.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;