русский язык
Басқа

Бас хатшы таеквондодан Азия чемпионатын қорытындылады

Бас хатшы таеквондодан Азия чемпионатын қорытындылады

Вьетнамның Дананг қаласында аяқталған таеквондодан Азия біріншілігінде Қазақстан құрамасы бір күміс медаль иеленді. 57 келідегі Мария Севостьянова финалда ғана сүрініп, ел қоржынына жалғыз жүлдені салған болатын. Федерацияның бас хатшысы Олжас Бесбаевтың айтуынша, құрлық додасына құрамаға жаңадан келген спортшылар аттанған, деп жазады Olympic.kz.

«Ұлттық құрама соңғы жылдары үлкен өзгеріске ұшырап, жаңарып жатыр. Осыдан бір-екі жыл бұрын жасөспірімдер қатарында жүрген спортшылар бас командаға қабылданды. Ал құраманың ардагер спортшылары жастарға орын беруде. Қазіргі таңда Жансель Дениздің болашағына қатысты ештеңе айта алмаймын. Тәжірибелі спортшымыз жарақаттан емделуде. Егер Дениз спорттан кетіп жатса, оның көшбасшы ретіндегі орнын Ботагөз Қапанова басады деп ойлаймын.

Ботагөз осы Азия чемпионатына бес ай бойы дайындалған еді. Алайда, кореялық спортшыдан тактика бойынша ұтылды. Бұл жеңіліс оған ауыр тиді, десе де, Қапанованы үздіктер қатарына жатқызамын. Ол үлкен жүректі қыз, ондағы рухты кейбір жігіттерден де көрмеймін.

Марияға келер болсам, Севостьянова Азия аймақтық Олимпиадаға іріктеу турнирінде жеңілген соң, біраз қиналды. Париж ойындарынан сырт қалу қай спортшыға жеңіл тиеді дейсіз?! Десе де, өз қателігін сараптап, бар күшін жиып, Азия чемпионатынан күміспен оралып отыр. Іріктеу турнирінен соң Марияны әлемдік деңгейдегі спортшы болады деп айтқан едім. Сол пікірімнен айнымаймын.

Ерлер арасында Темірлан Тілеулестің аяқ алысы ұнады. Өкінішке қарай, Рита Бакишева атты спортшымыз салмақ өлшеу рәсімінен өте алмады. Біз Ританың өзіне де, жаттықтырушысына да мұны қатал ескерттік. Олар ресми жарыста ешқандай проблема болмайтынын айтқан. Бірақ жауапты сәтте 700 грамм асып кетті салмағы. Әрине, жыл сайын Ританың жасы да, салмағы мен бойы да өсіп жатыр. Сондықтан мұндай нәрсеге жауапкершілікпен қарау керек.

Олимпиадаға баратын екі спортшымыз бөлек дайындалуда. Оларды Азия чемпионатына апармадық.

Енді спортшыларымыз кезекті жарыстарға дайындалады», - дейді Бесбаев.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;