русский язык
Бокс

Олимпиадаға іріктеу турнирі: қазақстандық боксшылар қашан шаршы алаңға шығады

Олимпиадаға іріктеу турнирі: қазақстандық боксшылар қашан шаршы алаңға шығады

Таиланд астанасы Бангкок қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінде қазақстандық боксшылардың қашан сайысқа түсетіні белгілі болды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ел құрамасынан үш боксшы жарыс жолын жалғастырып жатыр.

Ертең, 31 мамырда Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63.5 келі) мен Назым Қызайбай (50 келі) күндіз шаршы алаңға шықса, Валентина Хальзованың алдағы жекпе-жегі 1 маусымға белгіленген.

Мұхаммедсабыр 1/4 финалда кубалық Эрисланди Альвареспен қолғап түйістірсе, Назым Қызайбай кореялық Джухюнг Джунг 1/16 финалда шаршы алаңға шығады.

Ал Валентина Хальзованың 1/8 финалдағы қарсыласы –моңғолиялық Эрденетуя Энхбаатар.

Үш салмақ дәрежесінде де жартылай финалға шыққан спортшылар Олимпиада жолдамасына ие болады. Сондай-ақ 63.5 келіде жартылай финалда жеңілген боксшылар арасында қосымша бір лицензия сарапқа салынады.

Айта кетсек, еліміздің ерлер құрамасында Олимпиадаға Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Айбек Оралбай (92 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) жолдама алып қойды. Әйелдер құрамасында Карина Ибрагимова (57 келі) Париж Олимпиадасына жолдама алған еді.

Таиландтағы іріктеу турнирінде Ұлжан Сәрсенбек (54 келі), Римма Волосенко (60 келі) мен Наталья Богданова (66 келі) жарыс жолын аяқтады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;