русский язык
Басқа

Гимнасшы Аида Бауыржановна Олимпиадаға бір қадам жерден тоқтады

Гимнасшы Аида Бауыржановна Олимпиадаға бір қадам жерден тоқтады

Спорттық гимнастикадан Қазақстан әйелдер командасының үздігі Аида Бауыржанова Ташкентте (Өзбекстан) өткен Азия біріншілігінде қола жүлдегер атанды. Бұл үлкен ерлікпен келген тарихи медаль. Өйткені, санаулы күндер бұрын ол Олимпиада жолдамасына бір қадам қалғанда тоқтап, көпсайысты төртінші орынмен аяқтаған болатын.

Мұндай сәттен соң қалпыңа келу де қиын. Алайда, Аида қайтадан күш жинап, жігерін жанып, құрлық додасының қола жүлдесін жеңіп алды. Ең соңына дейін күресуге күш тапқан гимнаст туралы материалды Olympic.kz назарларыңызға ұсынады.

Ташкенттегі Азия чемпионаты спорттық гимнастикадан Олимпиадаға жолдама беретін соңғы жарыс еді. Құрлық додасы аясында жекелей көпсайыстан бір ғана квота ойнатылды. Сол квотаға басты үміткерлердің бірі қазақстандық спортшы болатын.

Қиын да ұзақ сапарды артқа тастап, Олимпиадаға қатыссам деген ізгі арманы үшін таласқан Аида Бауыржановаға бұл жолы бақ жетіспеді. Ол өзінің спорттық мансабында Олимпиадаға дәл бұлай жақындаған емес. Квотаға қол жеткізу үшін Аиданы бір ұпай да, жарты ұпай да емес, небарі 0,033 ұпай кедергі болды.

«Бұл Азия чемпионатында қаншама эмоция төгілді. Бірақ тек жақсы нәрселерді айтқым келеді. Мен өз мақсатыма жету үшін ұзақ жолды артқа тастадым, тіпті, тым жақын болдым.

Бағдарламаны жақсы орындадым. Егер осы бағыттан таймасам, олимпиадалық квота алатынымды да білдім. Мақсатыма осыншалық жақын болғаныма әлі күнге дейін сенбеймін. Жолдама тағдырын титтей ұпай шешіп кетті. Десе де, мен өзімді Олимпиадаға қатысуға лайық спортшы санаймын», - деді Аида.

Әрине, Олимпиада ойындарынан біраз ұпай айырмасы мен біршама минуттар, метрлер, раундтар алыстатса, айтарлықтай ауыр соқпайды. Мұндайды тезірек ұмытып, келесі олимпиадалық циклде бақ сынау үшін дайындала бастайсың.

Ал қолыңнан келгенше аянбай, бар күшіңді салғанда аз ғана айырмашылықпен арманыңнан алыстап қалсаң... Мұндайда күш табу да қиын. Бір қызығы, Аида Бауыржанова аз уақыт ішінде жиналып, бар білгенін ортаға салып, еркін жаттығу финалында қола медаль жеңіп алды.

«Ташкенттегі жарысты көруге менің анам да келді. Іріктеуден соң ол маған: «Мен сені жұбату үшін келгенім жоқ. Мен сені тұғырдан көргім келеді», деді. Осыдан соң мен дереу финалға бар күшімді салып, қалайда медаль алу үшін аянып қалмадым. Ең соңына дейін күрестім», - дейді Бауыржанова.

Қазіргі таңда қазақстандық спорттық гимнастика қарқынды дамып келеді. Ерлер командасы әлемдік нәтижелер тіркеуде. Әйелдер командасы да тарихқа түзету енгізіп, Аида Бауыжанова Азия чемпионатында жүлде алған тұңғыш спортшымыз атанды.

«Білуімше, 1996 жылы Азия ойындарында командалық сыннан медаль болған. Ал Азия біріншілігінен медаль жоқ. Сондықтан, бұл мен үшін де, барлық әйелдер құрамасы үшін бірінші медаль және тарихи жүлдеге қол жеткізгенім үшін өте қуаныштымын. Бұл марапат маған жұбаныш болды. Көбіне төртінші орында қалатынмын. Квота сарапқа салынған көпсайыста да төртінші орынды қанағат тұттым. Сол себепті, бұл медаль үшін өте қуаныштымын. Қола болса да, алтынға тең», - дейді ол.

Қазақстандық гимнасшы табысты маусым өткізуде. Тіпті, өз мансабындағы ең жарқын кезең десек, артық емес. Спортшының айтуынша, жарыс бағдарламасын қайта қарау арқылы біршама алға басу байқалған.

«2022 жылдан бері жеңіс тұғырына шығып, Париж ойындарына қатысу үшін тынбай дайындалдым. Бапкерлеріммен бірге әр снарядта түрлі бағдарламаларды сынап көрдік, қайсысы жеңіске жетелейтінін, қайсысымен жолдамаға үміткер болатынымызды бағамдадық. Сондықтан, мұның бәрі әйелдер гимнастикасындағы жетістік деп есептеймін. Нәтижесінде, біз бағдарламаны қатесіз, таза орындап шығауымыз керек деген шешімге келдік. Орындау кезіндегі кемшіліктерді реттеп, психологиялық тұрғыдан жұмыс істедім. Азия чемпионаты Олимпиадаға іріктеуден өтетін соңғы мүмкіндік еді. Бар күшімізді осы құрлық додасына салғанымыз да содан», - дейді Аида.

Спортшы мансабының әрі қарай қалай өрбитінін әлі де нақты білмейді.

«Қазір әрі қарайғы мансабым туралы ойлау қиын. Мен тек қана осы Азия чемпионаты мен квота жайлы ойладым. Қазіргі таңда Қазақстан чемпионатына қатысуды жоспарлап отырмын. Әрі қарай да жалғастырамын деп сенемін (күлді). Әлі де нәтиже көрсететін деңгейдемін», - дейді ол

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;