русский язык
Бокс

Мырзағали Айтжанов: Лицензиялық турнир тартымдылығы жөнінен әлем чемпионатынан асып түсті

Мырзағали Айтжанов: Лицензиялық турнир тартымдылығы жөнінен әлем чемпионатынан асып түсті

Бокстан Қазақстан командасы Италияның Бусто-Арсицио қаласынан бес жолдамамен оралды. Ұлттық құрама сапынан Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі) және Айбек Оралбай (92 келі) Париж Олимпиадасына лицензия жеңіп алды. Тек 63,5 келі салмақта жолдама мәселесі шешілген жоқ. Осы орайда, команданың бас бапкері Мырзағали Айтжанов әлемдік лицензиялық турнирді қорытындылап, Olympic.kz сайтына арнайы сұхбат берді.

Құраманың бас жаттықтырушысы Италиядағы турнирдің ешкімге оңай соқпағанын айтты.

«Жігіттердің аяқ алысын бүкіл ел көрді. Жарыс оңай болған жоқ, қатысушылар құрамына қарап, әлем чемпионатына пара-пар турнир дер едім. Олимпиада жолдамасы үшін таласқан боксшылардың жекпе-жегі тартымдылығы жөнінен әлем біріншілігінен де асып түсті. Мұны мен ғана емес, әлемдік әріптестерім де мойындайды. Куба, АҚШ, Америка, Ұлыбритания бапкерлері де Италия төріндегі қызу бәселекестікке таң қалып: «Әлем чемпионатынан да артық өтіп жатыр», - десті. Олимпиадаға жолдама беретін жарыс ешқашан да төмен деңгейде өтпейді. Мұндағы бәсекелестік тым жоғары болды», - дейді команда бас бапкері.

Сондай-ақ, команда мүшелерінің ауызбіршілікте болғаны да жарыс кезінде үлкен септігін тигізген.

«Жігіттердің бабында баруы – ең алдымен ұлттық құрама бапкерлерінің тынымсыз еңбегі деп айтар едім. Содан соң, ғылыми топ мүшелері, еліміздегі құзырлы органдар мен Ұлттық Олимпиадалық комитеті барлық жағынан қолдау көрсетті. Бұл біздің ауызбіршілігіміздің белгісі. Ал бес жігітіміздің жолдамамен келгені жанкүйерлердің ақ тілегі мен ақсақалдарымыздың ақ батасынан. Мен бұрыннан ауызбіршілікті бірінші орынға қоямын. Сұхбаттарымда да бірлік болса, алынбайтын қамал жоқтығын жиі айтамын. Міне, осы сапарымызда да ауызбіршілік салтанат құрды», - дейді Айтжанов.

Сұхбат барысында бапкер Махмұд Сабырханның жаңа салмаққа бой үйрете бастағанын және оның Таиланд боксшысымен өткізген жекпе-жегі неліктен күмән тудырғанын да түсіндірді.

«Махмұд Сабырхан жаңа салмаққа бейімделіп келе жатыр. Әлі де атқаратын жұмыс көп. Лицензия алды, енді Олимпиадада сәтті өнер көрсету үшін барымызды салып, дайындаламыз. Тек Махмұд емес, командадағы барлық боксшыға қатысты айтырмын мұны. Жолдамасы бар жігіттердің бәрінде де кем-кетік бар. Қателікті реттеу үшін тынбай жұмыс істейміз.

Махмұд Сабырханның таиландтық, Асланбек Шымбергеновтің түркіменстандық боксшымен өткен кездесулерін талқыға салып жатқандар көп. Бапкер ретінде айтарым, спортта мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Қарсыластың бірі ыңғайлы, бірі ыңғайсыз боп жатады. Боксшылардың дұрыс тынықпай, жекпе-жек арасының жиілеп кеткені де әсерін тигізеді. Сондықтан, мұның бәрін ескереміз. Ғылыми топ жетекшісі де жіті бақылап отыр. Қателіктер болды, ешбірін назардан тыс қалдырғанымыз жоқ. Әрбір боксшыға айтылып, ақыл-кеңес берілді», - дейді команда жетекшісі.

Бас бапкер жолдама мәселесі шешілмеген жалғыз салмақ дәрежесіне де тоқталды.

«63,5 келіде сынға түскен Мұхаммедсабыр Базарбайұлына тек қана тәжірибе жетіспеді. Тәжірибенің аздығынан ғана ұтылды. Ал ынтасы, күш-жігері, жеңіске деген құштарлығы зор болды деп сеніммен айтамын. Асығыстық танытқан жерлері бар. Аталған жекпе-жекте қалайда жеңіске жетемін деген оймен, қателікке бой алдырғаны да рас. Бірақ сол кездесуде біздің боксшы жеңілді дей алмаймын. Жеңіс бұйырмай тұр екен. Таиландта өтетін соңғы лицензиялық турнирге бұл салмақтан кім баратыны белгісіз. Әлі де іріктейміз. Ең мықтысын ғана жарысқа қосамыз.», - деді бапкер.

Қазіргі таңда спорт журналистері Дулат Бекбауовты 63,5 келіге ауыстырып, лицензиялық турнирлерге апару керектігін жиі жазуда. Бапкердің бұған қатысты да айтары бар.

«Қазір журналистер мен блогерлер 67 келідегі боксшымыз Дулат Бекбауовты лицензиядық жарысқа апару керектігін айтып жатыр екен. Біріншіден, Дулаттың жеке бапкері осы салмаққа ауысатыны жайлы бір ауыз сөз айтқан емес. Екіншіден, бәрін журналистер мен блогерлер шешетін болса, біз ұлттық құрамада не істеп жүрміз? Үшіншіден, Дулат Бекбауов ұлттық құрама мүшесі. Егер 63,5 келіге ауысатын ойы болса, бізге келіп айтуы керек, жарыстарға осы салмақта қатысуы керек.. Егер мұндай ниеттері болса, құрама бапкерлеріне айтуы тиіс. Содан соң, біз осы салмақтағы боксшылармен жұдырықтастырып, бәрін бағамдаймыз. Дулат пен бапкері маған бұл ойы туралы айтқан жоқ. Ұлттық құрама мүшесі, егер салмақ ауыстыратын болса, тікелей келіп ақылдасуына еш кедергі жоқ. Ал жарысқа екі ай қалғанда мұндай әңгіме айту ойға қонбайды», - деді бапкер.

Сондай-ақ, бас бапкер Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті, даңқты боксшы Геннадий Головкиннің Италияға арнайы келіп, қолдау көрсеткеніне ризашылығын білдірді.

«ҰОК президенті Геннадий Головкиннің арнайы келіп, жарыс соңына дейін жігіттерге қолдау көрсеткені де ерекше әсер етті. Головкин бокс әлеміндегі даңқты тұлғалардың бірі әрі Қазақстаннан шыққан жұлдызды спортшы. Сондықтан, ҰОК басшысының командаға жігер беріп, әр боксшыға ақыл-кеңесін айтқаны үлкен демеу болды. Біздің жігіттерді оятты десем, артық емес. Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліпке де алғысымыз шексіз. Жарыс басталғаннан ең соңына дейін жанымыздан табылып, қолдау білдірді», - дейді Айтжанов.

Сөз соңында бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов команда мүшелерінің Париж Олимпиадасына тынбай дайындалатынын айтып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;