Қазақстандық Михаил Кукушкин Швейцариядағы турнирдің ширек финалына шықты
![Қазақстандық Михаил Кукушкин Швейцариядағы турнирдің ширек финалына шықты](https://prosports.kz/upload/news/content//202403/472_47ad9bd1797b272f9a144b3e10ef8acd.jpg?v=28686386)
Қазақстандық теннисші, әлемнің 140-ракеткасы Михаил Кукушкин Лугано (Швейцария) «Челленджер» турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Доданың 5-ракеткасы болып тіркелген 36 жастағы қазақстандық спортшы екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 181-орында тұрған ұлыбританиялық Билли Харриске қарсы келді.
Бірінші партияда 29 жастағы Харрис 6:2 есебімен басымдық көрсетті. Есесіне екінші сетте Кукушкин есе қайтарды – 6:3. Шешуші, үшінші партияны теннисшілер брейк алмасумен бастады – 1:1. Бұдан кейін Михаил қатарынан бес геймді алды – 6:1.
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында Кукушкин 4 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жібермеді. Харрис 11 эйс, 3 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті. Осылайша, бұған дейін Манама (Бахрейн) мен Тенерифе (Испания) челленджер жарыстарында чемпион атанған Михаил Кукушкин жеңіс сериясын 14 матчқа жеткізді.
Кукушкин ATP Live рейтингісінде қазіргі сәтте 134-орынға көтеріліп тұр.
Қазақстандық теннисші Лугано жартылай финалына шығу үшін әлемнің 122-інші, осы жарыстың 1-ракеткасы, бельгиялық Зизу Бергспен таласады.