русский язык
Единоборства

Ел қоржынына күміс жүлде сыйлаған Әбиба Әбужақынова жарыстан кейінгі әсерімен бөлісті

Ел қоржынына күміс жүлде сыйлаған Әбиба Әбужақынова жарыстан кейінгі әсерімен бөлісті

Кеше ғана дзюдодан Ташкент төрінде өтіп жатқан Grand Slam турнирінде алғаш рет ел қоржынына күміс жүлде сыйлаған Әбиба Әбужақынова жарыстан кейінгі әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ұлттық құрманың көшбасшысы, қаракөз қарындасымыз Ташкентке алтын медаль үшін барғанын, алайда, мақсаты әлі орындалмағанын жасырмай айтты.

«Жүлденің жаманы жоқ. Десе де, Ташкентке тек алтын медаль аламын деген жоспармен келген болатынмын. Бірақ, бұйырмады», - деп ағынан жарылды Әбужақынова.

Финалда қарсыласыңды ұтуға не жетпей қалды деген сауалымызға: «Өзім қателікке бой алдырдым. Тым асығып кеттім. Сәл сабырлық танытып, асықпай күрескенде жеңіп кетер ме едім. Негізі, алтынға жетуге мүмкіндігім бар еді. Сол асығыстықтан ұтылып қалдым. Мен финалдағы қарсыласыммен осымен екінші рет белдесіп тұрмын. Алғашқы белдесуімізде жеңіс менің еншімде болған. Бұл жолы ол есесін қайтарып, есепті теңестіріп кетті. Енді, алда тағы жолымыз түйісіп жатса, аянып қалмасым анық», - дейді балуан қыз.

Сонымен қатар балуан қыз KAZINFORM тілшісіне берген шағын эксклюзив сұхбатында алдағы жоспарларымен де бөлісіп, жанкүйер болып жатқан барлық отандастарына алғыс айтуды да ұмытқан жоқ.

«Осы наурыздың 9 күні Чехияға 10 күндік оқу-жаттығу жиынына аттанамыз. Сол жиыннан кейін, араға бір апта салып Анталияда өтетін Grand Slam турниріне қатысамын. Бұл жолы алтынға өзімнің қателігімнен қол жеткізе алмадым. Анталияда бас жүлдені жеңіп алуға бар күшімді салатын боламын. Менің әр жарысымды қадағалап, маған жанкүйер болып жатқан барлық отандастарыма алғысым шексіз. Ақпараттық қолдау көрсетіп, біздің әр жетістігімізді жалпақ жұртқа жариялап жатқан сіздерге де рахмет», - деді Ташкентте өтіп жатқан Grand Slam турнирінің күміс жүлдегері Әбиба Әбужақынова.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;