Дзюдо

"Елдос Сметов Ресейде жаттықты": қазақстандық дзюдошылар Grand Slam турниріне дайындалып жатыр

news-banner7
mobile-news-top

Дзюдодан Қазақстан ерлер командасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов ел спортшыларының Парижде өтетін Grand Slam турниріне дайындығы туралы айтып берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ертең, 30 қаңтарда қазақстандық дзюдошылар Францияның Париж қаласында өтетін Grand Slam турниріне аттанады.

"Спортшылар олимпиадалық маусымға тас-түйін дайындалды. Бұл бәсеке оңай болмасы анық. Әлемнің ең мықты деген балуандары қатысады. Біздің командамыз жаттығу жиынын өткізді. Енді олимпиадалық рейтингтегі жағдайды жақсартып, мейілінше көбірек ұпай жинасақ деген мақсатымыз бар", – деді Нұрбол Сүлейменов.

Бас бапкердің айтуынша, турнирге қатысатын дзюдошылардың бірі Елдос Сметов басшылықтың рұқсатымен жеке жоспар бойынша жаттыққан.

"Тек қана Сметовтің бөлек, өз бапкерімен жаттығуына мүмкіндік берілді. Мұны министрлік деңгейінде шештік. Елдос Ресейде жаттығып келді. Бізбен бірге Париж қарсаңындағы соңғы жиынға қатысты", – деді Сүлейменов.

Cонымен қатар бапкер Португалияда өткен Гран при жарысында қола медаль иеленген шәкірті Әбиба Әбужақынованың нәтижесіне қатысты пікірін айтты.

"Оның біраз уақыты жарақатын емдеуге кеткенін ескерсек, жаман нәтиже емес. Әбиба көптен күреспегесін, жарыс ырғағынан шығып қалыпты. Соны байқадым. Бұлай болуы заңды да. Осыған дейінгі турнирлерде жарақатымен күресіп келген. Енді жағдайы реттелді. Тағы бір айта кетерлігі, олимпиадалық маусым болған соң, Гран-при турнирлеріне де әлемнің мықты спортшылары қатысуда. Өйткені, бәрі де Олимпиадаға ұпай алуды көздейді. Сондықтан, бұл маусымда Гран-при турниріне қатысушылардың құрамы өте мықты болады", – деді бапкер.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер