Испания Суперкубогы. «Реал» финалда «Барселонаны» ойсырата ұтты
![Испания Суперкубогы. «Реал» финалда «Барселонаны» ойсырата ұтты](https://prosports.kz/upload/news/content//202401/201131_7ee4681b112381e1868df95d942481b5.jpg?v=28694968)
Футболдан Испания Суперкубогының финалында "Реал" басты бәсекелесі "Барселонаны" ойсырата ұтты. Эр-Риядта өткен ойында "корольдік клуб" 4:1 есебімен жеңіске жетті.
"Реал" өткен жылы финалда кеткен есесін қайтарды. 2024 жылғы алғашқы "эль-класиконы" жеңіспен бастады. Ал Испания Суперкубогын 13-ші рет жеңіп алды.
Карло Анчелотти шәкірттері ойынның бірінші таймында-ақ жеңіске бастар жолды тапты. "Барселона" қорғанысының осал тұсын тауып-ақ шыққандай болды. Бірінші таймда "корольдік клубтың" бразилиялық шабуылшысы Винисиус Жуниор үш рет гол соғып, хет-трик жасады. Оның біреуін пенальтиден соқты. "Барселона" сапында бір голды Роберт Левандовский еншісіне жазды.
Екінші таймда Родриго "Реалдың" төртінші голын соқты. Бұл мадридтік команданы айқын басымдығын байқатты. 71-минутта "Барселона" қорғаушысы Серхио Араухо екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Хави командасы кездесуді 10 ойыншымен аяқтады.