русский язык
Теннис

Азия ашық чемпионатын ұйымдастырғымыз келеді – теннис федерациясының вице-президенті

Жуырда отандық теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польскийдің Азия теннис федерациясының (ATF) президенті болып сайланғаны мәлім. Аталған ұйым алдында қандай міндеттер тұр, қандай ірі шаралар ұйымдастырылмақ? Міне, осы орайда Ю.Польский Kazinform тілшісінің сауалдарына жауап берді.

– Юрий Федорович, сіздің Азия теннис федерациясының президенті болып сайлануыңыз осы олимпиадалық спорт түрінің Қазақстанда ойдағыдай дамып отырғанын көрсетеді. Осы орайда лауазымыңыз Қазақстан мен Азияда қандай мүмкіндіктерге жол ашады деп ойлайсыз?
– Ең бастысы – Азия елдері арасында өзара іс-қимылды жақсарту, ойыншылар үшін тартымды аймақ ретінде Қазақстанды белсенді араластыру. Бізге Азияның үздік ойыншылары келсе, олар біздің теннисшілермен сынға түсер еді. Әркім де өзінің қазанындай қайнай бермей, шынайы бәсекелестік болған жағдайда қана шеберлігін шыңдай алады. Осы орайда менің президенттігім үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Азия үшін өзінде іс-шаралар өткізуге дайын, түрлі турнирлерге ойыншыларын жібере алатын бастамашыл елдер қажет деп есептеймін. Қазақстан кез келген деңгейдегі іс-шараны әрдайым жоғары деңгейде өткізді. Бұл – Азия үшін ойыншылар халықаралық деңгейде тәжірибе алатындай мүмкіндік. Түптеп келгенде, мұның пайдасы екі жаққа да зор – Азия аймағындағы даму Қазақстанға да игі әсер етеді.

– Бұрын Азия ашық чемпионаты өтіп тұратын еді. Ол неге тыйылып қалды?

– Менің де айтқым келіп отырған мәселемнің бірі осы еді. Басты жоспарымыздың бірі – демеуші тауып, бұрын болған барлық жас ерекшеліктеріне қарай Азия ашық чемпионатын қайта ұйымдастыру. Ол медиақамту жағынан тартымды ғана емес, сонымен қатар Australian Open секілді «Үлкен дулыға» турнирлеріне арнайы шақырту (WC) бере алсақ, тіпті жақсы болар еді. Сондықтан соңғы алты жылда өтпеген жарысты қайта жандандыруымыз керек.
«Үлкен дулыға» турнирлерін ұйымдастыру комитеттерімен жақсы қарым-қатынастамын. Біз бұрын болған «Уимблдонға жол» және «Рандеву Ролан Гаррос» турнирлерін өткізе аламыз. Бұл біздің жастарымызға ірі турнирлерге қатысып, алғашқы ұпайларымен қоса, ең бастысы, тәжірибе жинақтауларына мүмкіндік береді.

Теннистен Азия ашық чемпионаты екі кезеңнен тұратын жыл сайынғы турнир болмақ. Бірінші іріктеу сайысы, онда Азияның барлық елдері екі бозбала мен екі қыздан қоса алады. Осылайша, барлық құрлық барынша толық қамтылады. Екінші, финалдық кезеңге Азияның рейтинг бойынша үздіктері мен іріктеуден өткендер қатысады. Сөйтіп біз Азияның үздік ойыншыларына бірге сынға түсуіне мүмкіндік береміз. Жүлде қорын қатысушы елдер есебінен толықтырамыз. Әдетте мұндай іс-шараларды журналистер жазып, хабарлап, әлемге таратады, теледидарға түсіреді, бұл Азия федерациясының дамуына қаржы салуға дайын демеушілер үшін тартымды болмақ.
Өзім жетекшілік ететін Азия теннис федерациясы директорлар кеңесінің алдағы жиналысы қаңтарда Мельбурнда Australian Open кезінде өтеді. Онда біз аталмыш турнирдің қандай ауқымда болатынын талқылап, сосын бір-екі айда бекітуге тырысамыз. 2024 жылы күзге қарай өткізуге ниеттіміз. Біріншілік ауыспалы болып, 5-6 ел басты ұйымдастырушы атанады деп ойлаймыз. Елдердің жыл сайын жарнасын төлеп, жарысты кезекпен жоғары деңгейде өткізуі үшін олардың қатарын көбейте түспекшіміз.

– Қазақстан атынан сынға түсіп жүрген Елена Рыбакина мен Александр Бубликтің табыстарын бүкіл әлем біледі. Өзімізден шыққан сондай жұлдыздар неге жоқ?

– Биыл Бейбіт Жұқаев үлкен серпіліс жасады, ол әлемдік рейтингте жоғары көтеріліп, Қазақстанның екінші ракеткасы атанды. Әрине, біз оған үлкен үміт артамыз. Ақтау теннис мектебінің түлегі допты жақсы береді, кортта жылдам қимылдап, оң және сол қапталда тұрақты соққы жасай алады. Қазірдің өзінде ТОП-100-ге кіретін бірнеше ойыншыны ұтты, бұл – жақсы көрсеткіш. Жаңа жылда Жұқаевтың Дэвис кубогінде құрамамызға көмектесіп, шеберлігін жетілдіре түсетініне сенімдімін.

Жас жеткіншектер жөнінде айтсақ, Әмір Омарханов қатты өсіп келеді. Заңғар Нұрланұлымен бірге жасөспірімдер арасында Дэвис кубогінде өте жақсы нәтиже көрсетті. Омарханов барлық матчтарын жеңіспен аяқтап, Испания мен Италияның үздік ойыншыларын ұтты. Бұл табыстар үміт ұялатып, алдыңғылардың орнын басатын ізбасарлар бар екендігін көрсетеді. Біз өз кезегімізде әлемде үздік атану жолында өз мүмкіндігін толық пайдалануы үшін оларға көмектесетін боламыз. Ең бастысы, қарқынын жоғалтпай, жарақат алмаса, болғаны.

Қыздар арасында Жібек Құламбаева тұрақты өнер көрсетіп келеді. Ол, әрине, жұптық ойыншы. Дегенмен жекелей сында да мүмкіндігі мол. Қазір біз оған техникалық шеберлігін арттыруға жәрдем беруге тырысудамыз, қосымша жарыс тәжірибесі де керек. Күшті қарсыластарын жеңіп үлгерген Жібектен үміт күтеміз.

Биыл ел тарихында алғаш рет жасөспірімдер арасында Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңіне шыққан Полина Слепцова, Іңкәр Дүйсебай және Анастасия Крымковалар да бар. Турнир барысында жеңіске де жете білген қыздарымыз қорытындысында әлемнің 10 үздік елінің қатарына енді. Олардың бәрі – біздің «өніміміз», Қазақстан теннис мектебінің түлектері. Енді осы қарқынды сақтап, жоғары деңгейден түспеу қажет.

– Бұқаралық ақпарат құралдарында ресейлік Александр Шевченконың Қазақстан азаматтығын алатыны жөнінде айтылып қалып жүр. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

– Иә, Александр Шевченконың Қазақстан үшін ойнағысы келетініне көп болды. Ол бізге сондай өтініш берді. Александр көптен бері Словакияда өздігінен жаттығуда. Ол қазақстандық ойыншыларды жақсы біледі, бізде теннистің жүйелі түрде жолға қойылғанын, команданың әр мүшесіне көзқарас ерекше екендігін түсінеді. Сондықтан осы қатарға қосылғысы келеді. Барлық құжаттар дайын деуге болады. Паспорт алуға құжаттарын тапсырды. Таяу уақытта бұл мәселе қаралып, ол АТР жарыстарында Қазақстан атынан өнер көрсете алады. Бірақ ұлттық құрама сапында Александр Шевченко азаматтық алғаннан соң екі жылдан кейін ғана ойнай алады – ITF-дағы жалпы тәртіп осындай.

– Соңғы сауал, алда жаңа маусым келе жатыр. Осыған дейін АТР додалары Астанада өтіп келгені белгілі. Енді 2024 жылғы АТР күнтізбесіне Almaty Open еніпті. Мұның себебі неде?

– Алматы – мұндай ірі жарысты өткізу үшін әбден лайық қала. Алматыдан қаншама теннисші шықты, дәстүрге де бай. мұндай ірі жарысты өткізу үшін әуелден лайықты еді. Жанкүйерлері де жетерлік. Сондықтан қалада теннистің дамуына жаңа леп беру үшін АТР 250 турнирін Астанадан Алматыға ауыстырдық. Оған қоса Алматы туристік қала болып есептеледі, онда келетіндер шетелдіктер көп. Сондай-ақ Алматыда жақсы спорттық нысан – Almaty Arena бар, біз оны турнир қажеттілігіне толық бейімдегіміз келеді. Әлеуеті де жоғары, аталмыш кешенде 7 мың, болашақта 10-12 мың жанкүйер үшін матчтар өткізуге болады. Көрермен көп болса, бұл ойыншыларға да қанат бітіреді, олар өзінің үздік өнерін көрсете бастайды.

Қорыта айтқанда, алдағы жылы теннисшілеріміздің табыс төрінен көрінуі үшін барлық жағдайды жасауға тырысамыз.

– Әңгімеңізге рахмет. Жаңа қызметіңізге табыс тілейміз.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;